«Сақтардың дүниетанымында өмір өліммен аяқталмаған»: Өскемен – Қатонқарағай – Берел сапары

Кейбір сапар адамды жаңа мекенмен ғана таныстырып қоймайды, өз тарихымен де қауыштырады. Біздің Қатонқарағайға жасаған осы бір жолсапарымыз дәл сондай сезім сыйлады.

Шығыс Қазақстанның ең көркем өңірлерінің бірі саналатын бұл өлке туралы бұрын көп естігенімізбен, оны өз көзімізбен көрудің әсері мүлдем бөлек екенін жуырда ғана ұғындық. "Астана–Өскемен" бағытындағы пойыз арқылы қатынап, Өскемен қаласына да жеттік. Бағытымыз Өскемен – Қатонқарғай, Қатонқарағай – Берел болды. Өскеменнен шыққан сәттен бастап, терезе сыртындағы көрініс біртіндеп өзгере түсті. Биік таулар алыстан мұнартып, менмұндалап көрінеді. Қарағай мен самырсын көмкерген қалың жынысты орман, тасты жарып аққан өзен, етегі жап-жасыл шалғынға оранған асу – бұның бәрі көздің жауын алып, күпті болған көңіліңдегі ерекше бір нәзік тінді қозғап жібергендей болады да тұрады. Жол ұзарған сайын қаладағы қарбалас ұмытылады да, оның орнын табиғаттың тылсым тыныштығы басады. Құдды «тыныштық» та сол бізден тысқары жатқан тылсым күштің құлаққа баяу талықсып жеткен күбірі ме дерсіз...

Алтайдағы алғашқы сезім

Ықылымнан тау мен тастың, көк пен жердің қадірін бір кісідей білген бұрнағы халық Алтайды бекерден-бекер «аңыз» қылып сипаттамаған. Біздің білетініміз – тек бертіндегі қаламгерлердің жазғаны. Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақтың көркем шығармаларындағы, небір жазба ақындардың ғажайып жырындағы Алтайды биылғы өткен фестивальда «Түркі әлемінің алтын бесігі» деп бекер атамаған екен. Бұл атаудың астарында ғасырлар бойы сақталған тарихи жад жатыр. Көптеген зерттеуші Алтайды ежелгі түркі тайпаларының қалыптасу аймақтарының бірі ретінде қарастырса, халық арасында Ергенеқон туралы аңыз, Ұмай ана жайлы таным осы өлкенің киесін арттыра түскен сықылды. Сондықтан бұл жерге келген әрбір адам табиғаттың ғана емес, мыңжылдықтардың, байырғы бұла күші бұлқынған үнді сезінетіндей күй кешеді...

Иә, биыл дәл осы қасиетті мекенде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» деп аталатын өте ауқымды халықаралық фестиваль өтті. Түркі халықтарының өнерін, мәдениетін және рухани байланысын дәріптеуді мақсат еткен іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден де біраз қонақ жиналды. Бірақ фестивальдің концерті мен мәдени бағдарламасы басталмай тұрып, бізді ең алдымен, тарих қойнауына жетелейтін ерекше сапар күтіп тұрды. Себебі ең бірінші бағытымыз – әлем археологтерінің назарын өзіне аударған Берел қорғандары еді.

Берел жайлы

Берел мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына жеткенде, айналадағы тыныштық бірден назарымызды аударды. Өйткені музейден 1-2 шақырым жерде Патшалар жазығы деп аталатын тарихи аймақ тұрды. Алыстан қарағанда, бұл кәдімгі кең жазық сияқты көрінеді. Бірақ дәл осы жерде екі жарым мың жылдан астам уақыт бойы жер қойнында жатқан тарихи құпиялар сақталғанын ойлағанда, айналаға мүлдем басқа көзбен қарай бастайды екенсіз. Археологтердің айтуынша, Берел қорғандары біздің заманымызға дейінгі IV-III ғасырларға жатады. Мұнда сақ тайпаларының билеушісі мен ақсүйегі жерленген. Ең таңғаларлығы – қорғандардың астындағы мәңгі тоң қабатының арқасында көптеген жәдігер бүлінбей сақталған. Осындай табиғи жағдайдың нәтижесінде ағаш бұйымдар, киімдердің қалдықтары, ат әбзелдері, тіпті жылқылардың денесі бүгінгі күнге дейін шама-шарқынша бүлінбей жеткен көрінеді. 

Мәңгі тоңда сақталған тарих

Берел мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына кірген сәттен-ақ уақыттың кері бағытқа айналғанын сезінесіз. Шыны сөрелердің арғы жағында сақ дәуірінің сәндік бұйымдары, тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары тұр. Әр жәдігер екі жарым мың жыл бұрынғы адамдардың өмір салтынан, дүниетанымы мен талғамынан сыр шертеді.

Сол жерде жұмыс істейтін білікті маман, экскурсовод Аружан Болатқызы Танашева келушілердің назарын алдымен әйел адамның әшекейлері қойылған сөреге аударды.

– Алдарыңызда тұрған күміс диадема – Берел қорғанынан табылған ең көрнекті әшекейлердің бірі. Сонымен қатар мұнда сүйектен жасалған тарақ, түрлі тастардан жасалған моншақтар мен алқалар, сүйек пен қоладан жасалған түймелер, қоладан құйылған салпыншақтар қойылған. Археологтердің пайымынша, бұл бұйымдардың бәрі әйелдің көзі тірісінде күнделікті пайдаланған әшекейлері. Оларды иесі келесі өмірінде де қолдансын деген сеніммен бірге жерлеген, – деді ол.

Аружан Танашеваның айтуынша, экспозициядан күміс білезіктерді, гагат тасынан жасалған тұмарларды, жануарлардың азу тісінен қашап жасалған бойтұмарларды да көруге болады. Ал сүйектен жасалған шағын түтікшелердің қандай мақсатта пайдаланылғаны әлі күнге дейін анықталмаған.

– Сүйектен жасалған түтікшелердің нақты қандай мақсатта пайдаланылғаны жұмбақ күйінде қалып отыр. Мамандар әртүрлі болжам айтады, бірақ олардың қызметі әлі дәлелденген жоқ, – деді экскурсовод.

Мұражайда сақ дәуірімен қатар одан кейінгі кезеңге жататын бұйымдар да қойылған. Аружан Болатқызының сөзінше, солар арқылы қару-жарақтың, белбеу әшекейлерінің, ат әбзелдерінің және металл өңдеу тәсілдерінің уақыт өте қалай өзгергенін байқауға болады. Темір жебелер, найза, қылыш пен оның қыны, сүйектен жасалған айылбас сол дәуірдегі шеберлердің ісмерлігін көрсетеді.

– Мұнда қойылған жәдігерлердің бір бөлігі сақ дәуірінен шамамен мың жыл кейінгі кезеңге жатады. Сол арқылы ат әбзелдерінің, қару-жарақтың, белбеу әшекейлерінің және металл өңдеу өнерінің уақыт өте қалай жетілгенін анық көруге болады, – деді Аружан Танашева.

Бір сөреде әртүрлі пішіндегі қыш құмыралар орналасқан. Олардың бірқатары Қазақстанның оңтүстігіндегі шеберханаларда жасалған деген болжам бар. Кейбір ыдыстарға құс пен жануар бейнелері түсірілген.

– Мына жәдігерде үйрек пен нақты қай жануар екені анықталмаған аңның бейнесі бедерленген. Қазірге дейін ғалымдар бұл жануардың нақты қандай аң екенін дөп басып айта алмай келеді. Келушілерден де «сіздер қай жануарға ұқсатар едіңіздер?» деп жиі сұраймыз. Әркім әртүрлі пікір айтады. Осындай жәдігерлердің өзі сол дәуірдегі адамдардың дүниетанымы мен көркемдік талғамынан мол мәлімет береді, – дейді музей қызметкері.

Одан кейінгі келесі залдың ерекшелігі – мұнда ағаш, тері, киіз, мата және қайың қабығы секілді органикалық материалдардан жасалған заттар қойылған. Қалыпты жағдайда бұндай дүниелер ғасырлар бойы сақталмайды. Ал Берелдің табиғи жағдайы мен қорған ішіндегі мәңгі тоң оларды бүгінгі күнге дейін жеткізген.

– Бұл – археология залы. Мұнда негізінен органикалық материалдардан жасалған жәдігерлер сақталған. Сыртқы экспозицияда айтып өткен заттардың түпнұсқалары осында қойылған. Мәселен, жылқылардың терісін, жалы мен құйрығын көруге болады. Кейбір бұйымдар қорғандағы қалпында қатып қалған күйінде табылған, – деді Аружан Танашева.

Қызыл түстің тарихи мәні

Жылқы терісінің арасынан құла және жирен түстерді ажыратуға болады. Бұл жылқылардың кездейсоқ емес, сыртқы ерекшелігіне қарай арнайы таңдалғанын аңғартады. Қалың киізден жасалған жабындар, жіптер мен ат әбзелдерінің бірқатары қызыл түске боялған.

– Қызыл түстің екі түрлі мәні болған. Біріншіден, сақ қоғамында ол жоғары мәртебенің белгісі саналған. Лауазымды адамдар қызыл түсті киім киіп, ер-тұрманын да осы түспен безендірген. Екіншіден, қызыл түс жауынгерлердің рухын бейнелейтін қасиетті түс деп есептелген. Сондықтан бұйымдарды қызыл қарағайдың тамырынан алынған табиғи бояумен бояған, – деді ол.

Залда ат әбзелдеріне тағылған алтын фольгалы сәндік бөлшектер мен балық бейнесіндегі салпыншақтар да бар. Жылқының өрілген құйрығының сыртынан киіз қапталған. Ал киіз жабындардың бірінен қар барысының бұғыға шабуыл жасаған көрінісін байқауға болады. Экспозицияға 2016 жылы №2 қорғаннан табылған жылқы сүйегі де қойылған. Қазба барысында ол жерден бір әйел мен жеті жылқының сүйегі анықталған.

– Жылқының бас сүйегіндегі тесікті көріп тұрсыздар. Бұл – құрбандыққа шалынған жылқыны өлтіру кезінде қолданылған чекан қаруынан қалған із. Сақтардың нанымы бойынша, жанның күші сыртқа тарап кетпеуі үшін жылқыны бауыздамай, дәл осылай басынан ұрып өлтірген, – деп түсіндірді экскурсовод.

Әйел адамның үстінен алтын жіппен көмкерілген тон, ұзын баскиім мен түрлі әшекей табылған. Тігіс орындарына алтын жіп қолданылғандықтан, киімнің кейбір бөліктері жақсы сақталыпты. Марқұмның басының астына қарағайдан жасалған жастық қойылған.

– Әйел адамның үстінен табылған тонның тігісі түгелдей алтын жіппен көмкерілген. Сондай-ақ ұзын баскиімі, тонның әшекейлері, түймелері және түрлі матамен безендірілген бөліктері анықталды. Басының астынан қарағай ағашынан жасалған жастық табылған. Осындай жастық №11 қорғаннан да шыққан, – деді Аружан Танашева.

Сақтардың сауда-саттық жолы

Мұнда ақық тастан жасалған білезіктер мен каури қабыршақтары да бар. Теңізден алыс жатқан Шығыс Қазақстан аумағынан каури қабыршағының табылуы ежелгі тайпалардың шалғай елдермен сауда байланысын жүргізгенін байқатады.

– Каури қабыршағының бұл өңірден табылуы ерекше қызықтырады. Себебі Шығыс Қазақстанда теңіз болмаған. Демек, мұндай бұйымдар алыс аймақтармен сауда жасау арқылы жеткізілген. Бұл сақ дәуірінде сауда қатынастарының болғанын дәлелдейді, – дейді экскурсовод.

Қол айналарының саптарына аң стиліндегі бейнелер салынған. Ал темір қанжарлар мен құрбандық рәсімінде қолданылған қарулар сақтардың әскери және діни ғұрпы қатар дамығанын көрсетеді. Табытты құрастыруға пайдаланылған қола және темір шегелердің басына құстар бейнеленген.

– Әр шегенің үстіне екі құстың бейнесі орнатылған. Ежелгі адамдардың түсінігінде бұл құстар марқұмның жанын көкке көтеріп алып ұшады деген сенім болған. Ал қойдың жауырынын абыздар сындырып, отқа қыздыру арқылы болашақты, ауа райын немесе алдағы оқиғаларды жорамалдаған, – деді Аружан Танашева.

Мұражайдағы айрықша залдардың бірі №36 қорғанға арналған. Бұл – Берел алқабындағы ең көне ескерткіштердің бірі. Ол ірі және жалпақ тастардан тұрғызылған. Археологиялық зерттеулер қорғанның шамамен үш мың жыл бұрын салынғанын көрсеткен.

– Қазба кезінде бір жылқы мен бір ер адамның сүйегі табылды. Бұл жердегі ерекшелік – жылқы әбзелдерінің ағаштан емес, сүйек пен мүйізден жасалуы. Жерленген адамның әлеуметтік мәртебесі басқа Берел қорғандарындағы ақсүйектерге қарағанда төменірек болғаны байқалады. Ғалымдардың пайымынша, ол батыр немесе қолбасшы болған, – деді экскурсовод.

Сүйек пен мүйізден ойып жасалған, бір-біріне қарап жатқан екі бұғының бейнесі залдағы ерекше жәдігерлердің қатарында. Грифон мен бұғының белгілері аралас бейнелер сақтардың мифологиялық түсінігін танытады. Кейбір бұйымдардан қызыл бояу мен алтын жалатылған қабаттардың ізі әлі де көрінеді.

Экскурсияның соңғы бөлігінде Қатонқарағай тұрғындары XIX–XX ғасырларда қолданған этнографиялық бұйымдар таныстырылды. Олар жергілікті өлкетанушы Федор Тұмарбаевтың жеке коллекциясынан алынған.

– Федор Тұмарбаев көзі тірісінде жеке музей ашуды армандаған. Кейін балалары әкесінің жинаған мұрасын Берел музейіне сыйға тартқан. Көрмедегі заттардың басым бөлігі ағаштан жасалған. Бұл Қатонқарағай өңірінде ағаш ұсталығының ежелден жақсы дамығанын көрсетеді, – деді Аружан Танашева.

Залдың соңында жасанды интеллект көмегімен жасалған бейнеролик көрсетіледі. Экранда сақ дәуіріндегі тұрмыс-тіршілік пен адамдардың кескін-келбеті заманауи технология арқылы қайта жанданады. Ал музейден шамамен бір жарым шақырым жерде атақты №11 қорғанның реконструкциясы орналасқан. 

№11 қорғанның құпиясы

№11 қорғанның тарихын Берел мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Алмас Тілеужанұлы Сарбасов таныстырды.

Оның айтуынша, қорғанды 1998–1999 жылдары Қазақстан–Франция бірлескен археологиялық экспедициясы зерттеген.

– Бұл – атақты №11 қорған. Оны 1998–1999 жылдары Қазақстан–Франция бірлескен археологиялық экспедициясы зерттеген. Қазба барысында шамамен төрт жарым метр тереңдіктен арнайы жерлеу орны анықталды. Қорған біздің заманымызға дейінгі IV–III ғасырларға, яғни шамамен екі жарым мың жыл бұрынғы ерте темір дәуіріне жатады. Бұл – сақ тайпаларының жерлеу орны, – деді Алмас Сарбасов.

Қорғанның ең басты ерекшелігі – адам қолымен жасалған мәңгі тоң қабаты. Жерлеу орнын терең қазып, қарағай бөренелерінен қима-таған тұрғызған. Үлкен бөренені ойып, табыт жасап, марқұмды соның ішіне жатқызған. Табыттың беті шегемен бекітіліп, жанына ас-суы мен күнделікті пайдаланған заттары қойылған.

– Жанына о дүниеде қажет болады деген сеніммен ас-суын және жеке заттарын қойған. Жылқылар да патшаға келесі өмірде қызмет етеді деген түсінікпен бірге жерленген. Сақтардың дүниетанымында өмір өліммен аяқталмаған, – деді музей директорының орынбасары.

 

–  11 қорғаннан барлығы 13 жылқы табылды. Оның алтауы төменгі, жетеуі жоғарғы қабатқа орналастырылған. Жылқыларды бауыздамай, маңдайынан арнайы қарумен ұрып өлтірген. Бас сүйектеріндегі тесіктер содан қалған. Мұның себебі қан мен жан қуаты денеде қалсын деген көне түсінікпен байланысты болуы мүмкін, – деді Алмас Сарбасов.

Кей жылқыларға таутеке мүйізі бейнеленген маскалар кигізілген. Алмас Сарбасов мұны ертедегі адамдардың дүниетанымымен байланыстырады.

– Таутеке таудың ең биігінде мекендейді. Сондықтан жылқы таутеке бейнесіне еніп, патшаның рухын аспан әлеміне жеткізеді деген сенім болған. Жылқылардың барлығы дерлік жирен, күн түстес болып таңдалған. Олардың асқазанынан әртүрлі өсімдіктер табылған. Осыған қарап, кейбір зерттеушілер 13 жылқыны патшаға бағынған 13 тайпа құрбандыққа әкелуі мүмкін деп болжайды. Бірақ бұл әзірге ғылыми болжам ғана, – деді ол.

Табыт ішінен ер адам мен жасы үлкен әйел адамның сүйегі шыққан. Зерттеу нәтижесі олардың жақын туыс болғанын көрсеткен. Ер адамның жасы шамамен 36-40-та, ал әйел одан 18 жас үлкен болған.

– Бір болжам бойынша, олар – анасы мен баласы, екінші нұсқа бойынша – әпкесі мен інісі. Әйел адамның жасы үлкен болғандықтан, оның анасы болуы ықтимал деген пікір басым, – деді Алмас Сарбасов.

Ер адамның сүйектерінде бұрын алған жарақаттардың ізі сақталған. Иығы, қолы мен қабырғалары сынып, кейін қайта біткен. Осыған қарап мамандар оны соғысқа қатысқан батыр, көсем немесе ақсүйек деп есептейді. Бас сүйегіне операция жасалғаны да анықталған.

– Ол жай адам емес, соғысқа қатысып, батырлығымен танылған көсем немесе ақсүйек болған деп есептейміз. Бас сүйегіне де операция жасалған. Жарақат шоқпар соққысынан немесе аттан құлаудан болуы мүмкін. Ежелгі емшілер оны аман алып қалуға тырысқанымен, операция сәтсіз аяқталған тәрізді. Жерлеу кезінде шашы болмағандықтан, басына жылқы қылынан өрілген парик кигізілген, – деді музей директорының орынбасары.

Қорған ежелгі және кейінгі кезеңдерде тоналған. Табыт ашылғаннан кейін ішке ауа кіріп, қалыптасқан жылу тепе-теңдігі бұзылған. Соның салдарынан адамның денесі мен бірқатар органикалық бұйым шіріп кеткен.

– Қорған екі рет тоналған деген болжам бар. Алғашқы тонаушылар жерлеу рәсіміне қатысқан, патшаның қай жерде жатқанын білетін адамдар болуы мүмкін. Кейінгі кезеңде де заңсыз қазба жүргізілген. Егер патшаның алтын киімі сақталған болса, оны “Алтын адам” деп атауға болар еді. Қазір бізге оның қаңқа сүйектері ғана жеткен, – деді Алмас Сарбасов.

Ал жылқылар жатқан бөлікке ауа толық жетпегендіктен, олардың терісі, еті, жалы мен құйрығы, тіпті асқазанындағы шөп қалдықтары сақталған.

– Әрине, олар жаңа сойылған күйде емес, ұзақ уақыт бойы кеуіп, қатып қалған. Соған қарамастан, жылқы денелерінің осындай деңгейде сақталуы Қазақстанның басқа өңірлерінде кездеспейтін сирек құбылыс, – деді ол.

Жылқылардың үстіне қайың қабығы төселіп, арасына зиянкестерден қорғайтын өсімдіктер салынған. Ал қорғанның тас қабаты ішкі суықты шығармай, сыртқы жылуды өткізбейтін қорғаныш қызметін атқарған.

– Қайыңның қабығы ылғалды өткізбейді әрі баяу шіриді. Тас үйінді де бірнеше қабат етіп қаланған. Қазіргі тілмен айтқанда, ол термос тәрізді қызмет атқарып, ішкі суықты сыртқа шығармай, сыртқы жылуды ішке өткізбеген. Осылайш,а қорған ішінде мәңгі тоң қалыптасқан, – деді Алмас Сарбасов.

Оның айтуынша, жылқылардың екі қатарға жерленуіне қатысты нақты қорытынды жоқ. Жерлеу рәсімі ұзақ уақытқа, тіпті бір жылға дейін созылған болуы мүмкін.

– Патша жерленіп жатқан кезде анасы қайтыс болып, екеуін бір қорғанға орналастырған деген болжам бар. Төменгі алты жылқы патшаға, жоғары жеті жылқы әйел адамға арналуы ықтимал. Бірақ бұл әзірге ғылыми болжам ғана, – деді ол.

Алмас Сарбасовтың айтуынша, Берел алқабында сақ дәуіріне жататын 30-дан астам ірі қорған бар. Сонымен бірге мұнда түркі дәуірінің жерлеу орындары да көп кездеседі. Кейінгі түркі тайпалары ата-бабалары жатқан қасиетті мекенге өз батырлары мен ақсүйектерін жерлеуді жалғастырған.

– Сондықтан сақ және түркі қорғандары қатар кездеседі. Түркі кезеңіндегі қабірлер сақ қорғанындай терең әрі көлемді емес, көбіне бір метр шамасында қазылған. Қазақстан аумағындағы сақтардың жерлеу дәстүрі де әр өңірде әртүрлі болған. Есік пен Шіліктіде марқұмды жер бетіне жақын орналастырып, үстіне биік оба үйсе, Берелде адамды тереңге түсіріп, денесі бұзылмай сақталсын деген мақсатпен мәңгі тоң қалыптастырған, – деді музей директорының орынбасары.

Берел мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы 2008 жылы құрылған. Музей ғимараттары 2013 жылы пайдалануға берілген. Қазір мұнда 28 адам жұмыс істейді. Мекемеде экскурсиялық қызмет, ғылыми-зерттеу және қор сақтау бөлімдері бар.

– Біздің негізгі міндетіміз – Берел қорғандарын сақтау, зерттеу, зерделеу және насихаттау. Экскурсия бөлімі келушілерге қызмет көрсетіп, көрмелер ұйымдастырады. Ғылыми-зерттеу бөлімі археологиялық және этнографиялық экспедициялар жүргізеді. Ал қор сақтау бөлімі органикалық материалдан жасалған жәдігерлерді қалпына келтіріп, олардың бүлінбей сақталуын қадағалайды, – деді Алмас Тілеужанұлы.

Ғылыми қызметкерлер петроглифтер мен көне таңбаларды да зерттейді. Соңғы жылдары Алтай мен Қатонқарағай аумағындағы сақ және түркі дәуірі ескерткіштеріне археологиялық зерттеулер жүргізілген. Бұрын орысша аталып келген бірқатар нысанның атауы қазақшаланған.

– Мәселен, “Белки” деп аталған қорғандарды “Топқайың қорғандары” деп атадық. Сонымен бірге бұл нысандарды қазіргі талаптарға сай зерттеп, Қазақстанның археологиялық картасына енгіздік, – деді ол.

Алмас Сарбасов соңғы жылдары Қатонқарағай мен Берелге келетін туристер санының көбейгенін айтты. Әсіресе «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі қарсаңында Қазақстанның әр өңірінен және шетелден келген қонақтар легі артқан.

– Қатонқарағай мен Берелге келушілер саны жыл сайын көбейіп келеді. Қазақстанның әр өңірінен, Қытайдан, Ресейден және Еуропа елдерінен қонақтар келеді. Оларды, әсіресе, осыдан екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген бабаларымыздың ағаш, киіз және металл өңдеу технологияларын жоғары деңгейде меңгергені қызықтырады, – деді музей директорының орынбасары.

Алтай – түркі жұртының ортақ қара шаңырағы

Берел қорғандарынан басталған тарихи әңгіме фестиваль алаңында бүгінгі түркі дүниесінің бірлігімен жалғасты. «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестиваліне Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Мерей Саятұлы Мұқажан арнайы қонақ ретінде қатысты.

Оның сөзінше, Алтай бір ғана халықтың емес, бүкіл түркі жұртының тарихи жадында айрықша орын алады.

– Біз «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестиваліне арнайы іссапармен келдік. Бұл – біз үшін ерекше маңызды іс-шара. Фестивальдің атауы айтып тұрғандай, Алтай тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының ортақ мекені, қара шаңырағы, – деді Мерей Мұқажан.

Ол мұндай халықаралық мәдени жобалардың түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайтатынын атап өтті. Түркі мемлекеттері ұйымы аясында экономика, көлік-логистика, білім, ғылым, ғарыш және картография секілді алпысқа жуық бағыт бойынша байланыс орнатылған. Ал мәдени фестивальдер ресми ынтымақтастықты халықтар арасындағы рухани жақындықпен толықтыра түседі.

– Мұндай жобалар түркі халықтарының бірлігі мен ынтымақтастығын одан әрі нығайта түседі. Себебі бүгінгі түркі мемлекеттерінің барлығының тарихи тамыры Алтаймен сабақтас, – деді ол.

Мерей Мұқажанның айтуынша, түркі әлеміндегі көпшілік Алтайды ата-баба мекені ретінде қабылдағанымен, олардың бәрінің бұл өлкеге жолы түсе бермеген. Сондықтан Қатонқарағайдағы туристік инфрақұрылымның дамуы өңірге жаңа мүмкіндік береді.

– Түркі әлеміндегі көптеген адам Алтайды ата-баба мекені ретінде біледі. Алайда олардың бәрі мұнда келіп көрген жоқ. Сондықтан Қатонқарағайдағы туризмнің дамуы өте қуантады. Әуежай салынып жатыр, жаңа туристік нысандар бой көтеріп жатыр. Ең алдымен, бұл өңірге түркі елдерінің азаматтары жиі келуі керек деп есептеймін, – деді ол.

Фестивальге Димаш Құдайбергеннің қатысуы да іс-шараның ауқымын кеңейтіп, көрермен қызығушылығын арттырған. Мерей Мұқажан мұндай өнер иелерінің келуі халықаралық жобаның танымалдығына ықпал ететінін айтты.

– Алдағы жылдары бұл фестивальдің ауқымы кеңейіп, қатысушылар саны да, сапасы да арта түсетініне сенемін. Бұл фестиваль дәстүрлі түрде өтіп, халықаралық деңгейдегі ірі брендке және түркі әлемін біріктіретін беделді мәдени алаңдардың біріне айналсын, – деді Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары.

Берелдің мұз құрсауында сақталған жәдігерлері мен фестиваль алаңындағы мыңдаған адамның дауысы бір ойға тоғысатындай. Алтай – тек өткен дәуірдің ізі қалған мекен емес. Ол – сан ғасыр бұрынғы тарих пен бүгінгі түркі жұртының рухани байланысын жалғап тұрған тірі кеңістік.

Берел қорғандарынан әсерлене шыққан соң, Алтай тауына тағы бір рет мәрте көз тастадық. Таулар бұрынғысынша үнсіз тұр. Самырсын арасынан ескен самал ғана айналаны тербетеді. Бірақ осы тыныштықтың астында мыңдаған жылдық тарих жатыр. Бірнеше сағаттан кейін дәл осы қасиетті өңірде ақындар жыр оқып, айтыскерлер сөз сайыстырады, түркі елдерінің өнерпазы сахнаға шығып, түнде әлем мойындаған Димаш Құдайбергеннің дауысы Алтай аспанын жаңғыртады. Сол кезде бұл сапардың жай ғана фестиваль емес, өткен мен бүгінді жалғаған рухани көпір екенін анық түсіндік.

Патшалар жазығындағы бағзы рух

Берел қорғандарынан алған әсер ұзақ уақытқа дейін ойымнан кетпеді. Екі жарым мың жыл бұрын жерленген сақ көсемдерінің мекенін аралаған соң, тарихтың әр парағы осы Алтайдың қойнауында жатқандай көрінді. Экскурсия аяқталғаннан кейін бағытымыз Патшалар жазығына қарай бұрылды. Жол бойы табиғаттың әсем көрінісі көздің жауын алады. Бір жағында ақ бас шыңдар асқақтап тұрса, екінші жағында жасыл шалғын көмкерген кең алқап созылып жатыр. Осындай табиғаттың ортасында келе жатып, неге бұл өлкені Қазақстандағы ең көркем жерлердің бірі деп атайтынын түсінгендей болдық.

Патшалар жазығы – тек қана кең дала емес, ғасырлар қойнауынан сыр шертетін тарихи мекен. Археологтердің пайымдауынша, дәл осы өңір сақ дәуірінде билеушілер жерленген қасиетті аймақ болған. Сондықтан халық арасында бұл жер «Патшалар жазығы» деген атаумен сақталып қалған. Мұнда тұрған кезде айналаны қоршаған тыныштықтың өзі өзгеше сезіледі. Алыстан естілген өзеннің сылдыры мен баяу соққан желдің дыбысы ғана құлаққа келеді. Осындай сәтте мыңдаған жыл бұрын дәл осы алқаппен ат тұяғы дүбірлеп, сақ жасақтары өткен шығар деген ой еріксіз келеді. Фестивальдің рухани бағдарламасының бөлігі дәл осы тарихи мекенде ұйымдастырылды. Биыл қазақ әдебиетінің өкілі Ақтан Нұрбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ас беріліп, Құран бағышталды. Бұл рәсімнің дәл осы жерде өтуі де кездейсоқ емес. Өткенге тағзым ету мен бүгінгі ұрпақтың рухани сабақтастығы бір-бірімен үндесіп жатқандай әсер қалдырды. Қазақ халқы үшін ата-баба рухын қастерлеу, елге еңбегі сіңген тұлғаларды ұлықтау – ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүр. Сол дәстүр Алтай төрінде тағы бір мәрте жаңғырды.

Күн еңкейе бастағанда, Патшалар жазығы мүлдем басқа кейіпке енді. Көкжиекке қызғылт сәуле төгіліп, тау бөктерін жып-жылы жарық көмкерді. Осындай ерекше мезетте «Төр Алтай Ақтанын жырлайды» атты республикалық поэзия кеші басталды. Табиғаттың өзі үлкен сахнаға айналғандай әсер қалдырды. Ақындардың үні ашық аспан астында жаңғырып, әр шумақ тау жаңғырығымен астасып жатты. Бұл әдеби кештің ерекшелігі де осында еді. Әдетте поэзияны концерт залында немесе мәдениет үйінде тыңдаймыз. Ал бұл жолы жыр тарихтың үнін сақтаған қасиетті мекенде оқылды. Мыңдаған жыл бұрын сақ көсемдері жатқан даланың үстінде бүгін қазақтың ақындары ел мен жер туралы, рух пен тарих туралы жыр толғады.

Қатонқарағайдың табиғаты да осы рухани сабақтастықтың ажырамас бөлігі іспетті. Бұл өңір Қазақстандағы ең ірі ұлттық табиғи парктердің біріне жатады. Мұнда қар барысы, марал, бұлғын, сілеусін секілді сирек кездесетін жануарлар мекендейді. Самырсын мен балқарағай көмкерген ну орман, мөлдір көлдер мен сарқырамалар өңірдің табиғи байлығын айқындайды. Қатонқарағайға келген саяхатшы табиғатқа ғана емес, тыныштыққа да саяхат жасайды. Қаладағы қарбалас пен уақыттың асығыстығы бұл жерде ұмыт қалғандай әсер қалдырады.

Алтай тауы туралы аңыздар да аз емес. Ел ішінде бұл өлкені түркі жұртының қасиетті мекені деп атайтындар көп. Ергенеқон туралы көне аңызда түркілер тар қысаңнан шығып, жаңа өмірге дәл осы Алтайдан жол тапқаны айтылады. Тағы бір аңызда Ұмай ана осы тауларды мекендеп, ұрпағын қорғаған деседі. Ғылыми тұрғыдан мұның бәрін тарихи дерек ретінде қарастыру қиын болғанымен, халықтың танымында Алтайдың киелі мекен саналуының өзіндік мәні бар. Бұл жердің табиғатына қарап тұрғанда, сондай аңыздардың неге дәл осы өлкеде туғанын түсінуге болады.

Фестивальдегі көрме

Фестивальдің келесі күні Қатонқарағай ауылы бұрынғыдан да жандана түсті. Алыс-жақыннан келген қонақтар ұлттық киім киіп, қолөнер көрмесін аралап, жергілікті шеберлердің бұйымдарын тамашалап жүрді. Киіз үйлерден қымыздың иісі аңқып, ұлттық тағамдар ұсынылды. Бір сәтке қазіргі заман мен қазақтың көшпелі дәуірі бір кеңістікте тоғысқандай болды. Түркиядан, Әзербайжаннан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Моңғолиядан келген өнерпаздардың қазақ халқымен бірге бір сахнада бас қосуы фестивальдің халықаралық деңгейдегі маңызын айқын аңғартты.

Фестиваль біртіндеп өзінің ең шешуші сәтіне жақындап келе жатты. Айналадағы жұрттың әңгімесінен де, сахна маңындағы дайындықтан да бәрінің асыға күткен оқиғасы алда екенін аңғаруға болатын. Күн ұясына қонып, Алтай аспанын кешкі қара көлеңке жапқанда, мыңдаған көрермен үлкен сахна алдына жинала бастады. Барлығы әлемге қазақтың атын танытқан өнер иесі – Димаш Құдайбергеннің концертін күтті.

Алтайдың аспаны әнге бөленген түн

Күн батып, Алтайдың ақ бас шыңымен астасқан Қатонқарағай мүлдем басқа кейіпке енді. Күндіз табиғаттың тыныштығына бөленген ауыл кешке қарай үлкен мәдени орталыққа айналды. Сахна маңына халық ерте жинала бастады. Бірі қолына Қазақстанның көк Туын ұстаса, енді бірі телефон камерасын дайындап қойған. Араларында балалар да, қариялар да, шетелден келген туристер де бар. Барлығының жүзіндегі толқу бірдей. Олар бірнеше күн бойы жалғасқан халықаралық фестивальдің шарықтау сәтін күтті.

Концерт театрландырылған «Пырақ» қойылымымен ашылды. Түркі дүниесінің көне мифологиясындағы қанатты тұлпар сахнада жаңаша сипат алып, жарық пен музыканың үйлесімі арқылы көрерменді мыңдаған жыл бұрынғы көшпенділер дәуіріне жетеледі. Ат тұяғының дүбірін еске салған әуен, сахнада қалықтаған ақ тұлпар бейнесі мен экрандағы әсерлі көріністер Ұлы даланың тарихын сөзсіз-ақ сөйлетіп тұрғандай еді.

Одан кейін сахна төріне Қазақстан мен бауырлас түркі елдерінен келген өнерпаздар көтерілді. Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Башқұртстан, Тыва, Қарақалпақстан, Моңғолия және Мажарстаннан келген әншілер мен шығармашылық ұжымдар ұлттық өнерін көрсетті. Әр халықтың орындау мәнері әртүрлі болғанымен, барлығын біріктірген ортақ құндылық – түркі мәдениеті еді. Көрермен әр орындаушыны жылы қабылдап, қошеметін аямады.

Бірақ жұрттың асыға күткен сәті, жаңа ғана сөз арасында айтқанымыздай, әлі алда болатын. Кеш тереңдеген сайын сахна алдындағы халықтың қарасы бұрынғыдан да көбейді. Қайда қарасаң да бір ғана әңгіме: «Димаш қашан шығады?». Бірнеше сағат бойы концертті тамашалаған көрерменнің ешқайсысы тарауға асықпады. Керісінше, түн ауа халықтың саны арта түсті. Қатонқарағайдың 4 мыңнан сәл ғана асатын тұрғыны бар шағын ауыл екенін ескерсек, сол күні бұл өңір бұрын-соңды болмаған көрініске куә болды. Алтайдың баурайында 50 мыңнан астам адам жиналды.

Феномен әнші Димаш Құдайбергенді көруге жиналған жұрт

Түнгі сағат онның шамасында сахнадағы жарық бір сәтке сөніп қалды. Халық бір адамның сахнаға шығуын жарты сағаттай күтті. Алаңда тым-тырыс болған үнсіздік... Бірнеше уақытқа ғана созылған сол тыныштық мәңгілікке созылғандай көрінді. Кенет алғашқы музыкалық аккорд естілді. Сол мезетте сахнадағы жарық қайта жанып, көптен күткен өнер иесі көрінді. Бұл – әлемдік сахналарда Қазақстанның атын танытып жүрген, Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген. Сахнаға шыққан сәттен-ақ көрерменнің ықыласы ерекше екенін аңғару қиын емес еді. Алаңды қошемет кернеп, мыңдаған адам орнынан тұра қарсы алды. Телефонның жарығы жұлдыздай жарқырап, түнгі Алтай аспаны ерекше нұрға бөленді. Сол сәтте табиғаттың өзі де үлкен концерттің бір бөлшегіне айналғандай әсер қалдырды. Артқы жақтан қарағанда сахна мен көрерменнің арасы көрінбей, тұтас бір жарық теңізге құлай жаздағандай еді.

Димаш концертті жанды дауыста бастап, әлемге кеңінен танылған әндерін бірінен соң бірін орындады. Оның дауыс мүмкіндігіне тәнті болған жұрт әр ән аяқталған сайын ұзақ қол соғып отырды. Әсіресе, қазақ тіліндегі шығармалар орындалғанда көрермен ерекше тебіренді. «Тау ішінде» әні шырқалғанда мыңдаған адам әншімен бірге қосыла айтты. Әркім өз қалауынша эмоциясын шығарды, биледі, айғайлады, Димашқа қосыла ән шырқады. Алтайдың етегінде дәл осы әннің шырқалуы өзгеше әсер қалдырды. Әннің әр жолы тау жаңғырығымен үндесіп жатқандай сезілді.

Концерт барысында Димаш бірнеше рет көрерменмен еркін тілдесіп, алыстан арнайы келген жанкүйерлерге алғысын білдірді. Ол сахнадан түсіп, халықтың арасына барып, жанкүйерлерімен амандасып, естелік суретке түсті. Әдетте мұндай сәттерді әлемдік жұлдыздардың концертінен ғана көретінбіз. Ал бұл жолы сондай әсерлі көрініс Алтайдың төрінде өтті. Концерттің ерекше тұстарының бірі – көрерменнің әр әнді бірге орындауы болды. Қазақша, ағылшынша орындалған шығармалардың бәріне халық қосылып отырды. Мұнда музыканың тілге бөлінбейтіні анық сезілді. Бір сахнада түрлі ұлт өкілдері, түрлі жастағы адамдар бір ырғақпен тербеліп, бір өнердің айналасына топтасты. Бұл кештің ең үлкен жетістігі де осы шығар, бәлкім...

Екі сағаттан астам уақытқа созылған Димаш Құдайбергеннің ән орындауы қалай өткенін ешкім аңғармай қалды. Соңғы ән орындалғанда ғана көрерменнің бұл кешпен қоштасқысы келмейтіні байқалды. Қошемет бірнеше минут бойы толастамады. Димаш та сахнадан халыққа алғысын айтып, осындай ыстық ықыластың өзі үшін үлкен бақыт екенін жеткізді. Ол көрерменнің түн ортасында ұзақ жолға шығатынына алаңдайтынын айтып, баршаға амандық тіледі. Бұл сөздер әнші мен халық арасындағы байланысты бұрынғыдан да жақындата түсті. Сол түні Қатонқарағайда тек концерт өткен жоқ. Сол түні Алтай тағы бір мәрте өнердің адамдарды біріктіретін құдіретін дәлелдеді. Мыңдаған шақырымнан келген адамдар бір алаңда бас қосып, бір әнді бірге айтып, бір сезімді бірге бөлісті. Мұндай кештің әсері концерт аяқталған сәтте бітпейді. Ол ұзақ уақыт бойы адам жадында сақталады.

Фестивальдің соңғы күні аяқталуға жақындаған сайын көңілде қимастық сезімі пайда болды. Бірнеше күн бұрын біз үшін бейтаныс болған Қатонқарағай енді ерекше жақын мекендей көрінді. Осы уақыт ішінде біз тек халықаралық фестивальдің куәсі болып қана қойған жоқпыз. Ең алдымен, Алтайдың тарихын, табиғатын, рухани байлығын таныдық. Берел қорғандары сақ өркениетінің қаншалықты жоғары деңгейде болғанын дәлелдесе, Патшалар жазығы өткен дәуірдің рухын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп тұрған қасиетті мекен екенін аңғартты. Ал фестивальдің өзі сол бай мұраны қазіргі заманмен сабақтастыра білген маңызды мәдени оқиғаға айналды.

Қатонқарағайдың табиғаты бұл сапардың әр сәтіне ерекше көрік берді. Таңертең таудың салқын самалы бетке тиіп, таудағы жасыл-желектің хош иісі аңқыса, кешкісін күннің қызғылт шапағы ақ шыңдарға төгіліп, айналаны өзгеше бояумен бояп қойған тәрізді. Осындай сұлулықтың ортасында жүргенде адамның көңілі де өзгереді екен. Қаланың қарбалас тіршілігі, күнделікті күйбең тірлік ұмытылып, табиғатпен үндесудің өзі үлкен тынығу екенін түсінесіз. Сондықтан Қатонқарағайға келген адам тек тарихи орындарды аралап қана қоймай, туған жердің табиғатын бұрынғыдан да тереңірек тани бастайды. Алтайды көбіне табиғаты үшін мақтаймыз. Шынында да, оның сұлу табиғаты ешкімді бейжай қалдырмайды. Бірақ осы сапардан кейін біз үшін Алтайдың ең үлкен байлығы – оның тарихы мен рухани мұрасы екенін түсіндік. Осы өңірде сақталған әрбір қорған, әрбір аңыз, әрбір тарихи ескерткіш халқымыздың кім болғанын және қайдан шыққанын еске салып тұрады. Мұндай құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау – бүгінгі ұрпақтың міндеті.

Қатонқарағайдан Өскемен қаласына қарай қайтар жолда автокөліктің терезесінен алыстап бара жатқан Алтай тауларына ұзақ қарап отырдық. Келген кезде бұл таулар біз үшін әсем табиғаттың көрінісі ғана болса, енді олардың әр жотасы мен әр аңғарының астарында мыңдаған жылдық тарих жатқанын білдік. Сол себепті аталмыш сапар біздің есімізде жай ғана фестиваль ретінде емес, туған еліміздің өткенін тереңірек танытқан ерекше тәжірибе болып қалды.

«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі өз атауына толық лайық екенін осы сапардан кейін анық түсіндік. Өйткені бұл жерде өткен мен бүгін, тарих пен өнер, табиғат пен мәдениет бір-бірімен үндесіп жатыр. Берел қорғандарының үнсіз тарихынан басталған әсер Димаш Құдайбергеннің Алтай аспанын жаңғыртқан әнімен жалғасып, жүректе ұзақ сақталатын естелікке айналды. Осындай сапардан кейін туған жердің әрбір тасы мен тауы, әрбір тарихи орны бұрынғыдан да қымбат көрінеді. Алтайдың асқақ шыңы алыстап бара жатса да, оның сыйлаған әсері мен рухы ұзақ уақыт бойы жадымыздан өшпейтініне сенімдіміз.

Астана–Өскемен–Қатонқарағай–Берел–Қатонқарағай–Өскемен–Астана