Жүргізушілер үшін маңызды өзгеріс: 25 тамыздан бастап жаңа талаптар күшіне енеді

Биыл 25 тамыздан бастап Қазақстанда көлік құралдарын басқару құқығын тоқтатудың жаңа тәртібі күшіне енеді.

Өзгерістер 65 жастан асқан жүргізушілерге, мүгедектігі бар азаматтарға және мас күйде көлік жүргізуге қатысты қылмыстық ісі белгілі бір негіздермен тоқтатылған адамдарға қатысты болады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жаңа талапқа сәйкес, 65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілер мерзімді медициналық тексеруден өтіп, оның нәтижесі жол жүрісі саласындағы цифрлық жүйеге енгізілуге тиіс. Егер жүйеде жүргізушінің көлік басқаруға жарамдылығы туралы мәлімет болмаса, оның көлік жүргізу құқығы тоқтатылуы мүмкін.

Сондай-ақ, мас күйде көлік жүргізуге қатысты қылмыстық ісі айыптау үкімінсіз тоқтатылған азаматтар да жүргізуші куәлігін сақтап қала алмайды. Бұл жағдайда шешім заңды күшіне енген қаулы негізінде қабылданып, соттың қосымша шешімі талап етілмейді.

Медициналық мәліметтер болмағандықтан тоқтатылған жүргізу құқығы цифрлық жүйеге тиісті қорытынды енгізілгеннен кейін қайта қалпына келтіріледі.

 

Ал мас күйде көлік жүргізуге байланысты ісі тоқтатылған жүргізушілер көлік басқару құқығын сегіз жылдан кейін ғана қайтара алады. Ол үшін медициналық тексеруден өтіп, жол қозғалысы ережелері бойынша теориялық емтихан тапсыруы қажет.