Өнеркәсіпте оң өзгеріс көп

Халықтың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі ең басым бағыттардың бірі – өнеркәсіпті арттыру. Осыған орай Үкімет үйінде жиын өтіп, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Ол бірінші жартыжылдықтың қорытын­дысы бойынша өңдеу өнеркәсібі 9,8%-ға өсіп, оң динамика көрсетіп отырғанын атап өтті. Өндірістік көрсеткіштер машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісі, жеңіл өнеркәсіпте және басқа да салаларда өсті. Аталған өсім жаңадан іске қосылған өндіріс орындарының есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Бүгінде жалпы құны 252 млрд теңге болатын 74 жоба пайдалануға беріліп, 4,3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Биыл жалпы құны 1,7 трлн теңгені құрайтын 200 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланды. 

«Металлургияда өндіріс көлемі 97,3%-ды құрады. Саладағы кәсіпорындарда жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу, кен сапасының төмендеуі сияқты бірқатар себепке байланысты теріс динамика қалыптасып отыр. Дегенмен металлургиялық зауыттарды шикізатпен қамтамасыз ету есебінен көрсеткіштер биылғы жылдың бес айымен салыстырғанда 1,8%-ға өсті. Атап айтқанда, отандық өндірушілердің металлургия кәсіпорындарына мыс, мырыш және құрамында алтыны бар шикізат жеткізу көлемі ұлғайды, мырыш концентратын жеткізу қайта жанданды, сондай-ақ Ауғанстан мен Қырғызстаннан шикізат импорттау жөнінде келісімге қол жеткізілді. Жалпы, сала­дағы жоспарланған көрсеткіштер қолда­ныстағы қуаттарды ұлғайту және жаңа өндірістерді іске қосу арқылы қамтамасыз етілетін болады», — деді Ерсайын Нағаспаев. 

Машина жасау саласы 23,1% деңгейінде өсім көрсетті. Салада көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы және теміржол техни­касын, сондай-ақ тұрмыстық техникасын өндіру көлемі артты. Көрсеткіштердің өсуі ішкі сұраныстың артуы мен инвестициялық жобалардың белсенді жүзеге асырылуы есебінен жүзеге асты. Жеңіл өнеркәсіпте тоқыма бұйымдар, киім және былғары өнімдер өндірісі артып, саладағы өсім 94,8 пайызды құрады. Химия өнеркәсібінде күкірт қышқылы, аммофос, каустикалық сода, аммиак селитрасы және сары фосфор өндірісі артып, 20,7%-ға өсім байқалуда. 

Құрылыс материалдары өндірісінде бетон, құрылыс ерітінділері, әк, отқа төзімді бұйымдар, цемент және бетон конструк­циялары көлемі өсіп, байланысты 14,1%-ға артты. Құрылыс саласында бірінші жарты жылдықтың қоры­тындысы бойынша жұмыс көлемі шамамен 4,1 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыс­тырғанда 15,2%-ға артты. Жалпы, өңірлердің басым бөлігінде оң өсу динамикасы байқалады. Ең жоғары өсім Ұлытау, Қызылорда және Павлодар облыстарында тіркелді. Сонымен қатар есепті кезеңде 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал өткен жыл­дың сәйкес кезеңінде 7,9 млн шаршы метр үй пайдалануға берілген болатын. Нәтижесінде, өткен жылмен салыстырғанда көлем 6,7 пайызға артты. Өсім он тоғыз өңірде байқалу­да. Ең жоғары көрсеткіш Жетісу және Алматы облыстарында. Министрлік жетекшілік ететін салаларда тұрақты өсімді қамтамасыз ету, жаңа өндірістерді іске қосу, локализация деңгейін арттыру және өңірлерде инвести­циялық белсенділікті ынталандыру жұмыс­тары жалғасатын болады.

 Айдар Дәуітұлы