Сарапшылар елде 700 мыңға жуық адам тұрақты түрде бәс тігетінін, ал ойынға тәуелді азаматтардың саны 350-700 мың аралығында болуы мүмкін екенін айтады. Соған қарамастан, Денсаулық сақтау министрлігінің ресми есебінде ем қабылдап, диагноз қойылғандардың саны небәрі ондаған адаммен ғана шектеледі. Ал 2026 жылдың басындағы мәліметке сәйкес, ойын тәуелділігі бойынша ем қабылдаған ересектер саны – 98 адам. Олардың барлығы медициналық көмекке өз еркімен жүгінген. Бұл айырмашылық лудоманияның қоғамдағы ең жасырын тәуелділіктердің бірі екенін көрсетеді.
Құмар ойындарға қызығушылық адамзатпен бірге жасасып келеді. Дегенмен лудомания жеке психикалық дерт ретінде өткен ғасырда ғана мойындалды. 1980 жылы америкалық Психиатриялық қауымдастық оны психикалық бұзылыс ретінде тіркеді. Соңыра Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық аурулар жіктемесінің (ICD-11) жаңа редакциясында лудомания «патологиялық ойын мінез-құлқы» деп енгізілген.
Психиатрлардың айтуынша, лудомания – адамның ойынға деген құмарлығын басқара алмауы. Ол адам уақыт өте келе қаржылық қиындықтарға, психикалық күйзелістерге ұшырап, отбасылық жанжалдарды бастан кешіп, қарызға батып, тіпті ең соңында суицид жасауы да мүмкін.
Лудомания туралы заңда не өзгерді?
2024 жылы 8 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл құжат лудоманиямен күресті күшейтуге бағытталған бірқатар маңызды норманы енгізді.
Жаңа заңға сәйкес, 21 жасқа толмаған азаматтарға және Бірыңғай борышкерлер тізілімінде тұрған адамдарға құмар ойындарға қатысуға тыйым салынды. Мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуына толық тыйым енгізілді. Сондай-ақ әрбір азамат eGov mobile қосымшасы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен өзін 6 айдан 1 жылға дейін құмар ойындардан ерікті түрде шектей алады. Ал букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың сыртқы және интернеттегі жарнамасына тыйым салынды. Тек спорт нысандардарында, спортшылардың киімінде және спорт федерацияларының ресми сайттарында ғана жарнамаға рұқсат берілген. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандар Қылмыстық кодекстің 307-бабына сәйкес айыппұлдан бастап қоғамдық немесе түзеу жұмыстарына тартылуы, мүлкі тәркілене отырып 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мамандардың пікірінше, заңдағы бұл өзгерістер ойынға тәуелділіктің алдын алуға, әсіресе жастар мен әлеуметтік осал топтарды қорғауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып саналады.
Психологиялық тарихтың да әсері бар
Соңғы жылдары лудоманияның әлеуметтік проблемаға айналуына қандай қоғамдық факторлар әсер етті? Қазақстан қоғамындағы негізгі себептерді қалай түсіндірер едіңіз деген сауалдарды Qazaq Expert Club эксперті, психолог Жадыра Сабироваға қойған болатынбыз. Оның айтуынша, лудоманияның таралуына бірнеше фактор қатар әсер етеді. Біріншіден, онлайн-букмекерлік платформалардың тәулік бойы қолжетімді болуы. Екіншіден, әлеуметтік желілерде «оңай ақша табу» идеясын насихаттайтын контенттің көбеюі. Үшіншіден, қаржылық қысым, созылмалы стресс және белгісіз болашақ.
«Психолог ретінде мен тағы бір маңызды факторға назар аударар едім. Кейбір адамдарда тәуелді мінез-құлықтың қалыптасуына ерте балалық шақтағы эмоционалдық жарақаттар, әсіресе өмірдің алғашқы кезеңінде қауіпсіздік сезімінің, тұрақты эмоционалдық байланыстың жеткіліксіз болуы әсер етуі мүмкін. Мұндай тәжірибе адамның күйзелісті реттеу механизмдеріне ықпал етіп, кейін эмоциялық ауыртпалықтан қашудың әртүрлі жолын іздеуге бейімдеуі мүмкін. Құмар ойын уақытша жеңілдік немесе үміт сыйлағандай көрінгенімен, уақыт өте келе бұл тәуелділікке айналу қаупін арттырады. Сондықтан лудоманияны тек қаржылық немесе әлеуметтік мәселе емес, адамның психологиялық тарихымен де байланысты кешенді құбылыс ретінде қарастырған жөн», – дейді Жадыра Сабирова.
Бұрын құмар ойындарға қатысу үшін арнайы казиноға бару қажет болса, бүгінде бірнеше секунд ішінде телефон арқылы кез келген букмекерлік сайтқа кіруге болады. Дәл осы қолжетімділік те тәуелділіктің негізгі себептерінің біріне айналған болуы мүмкін. Құмарпаз алғашқыда аз мөлшерде ақша тігеді. Кейін ұтылған қаржысын қайтаруға тырысып, қайта-қайта бәс тігеді. Осылайша, тұйыққа тіреле береді.
Әлеуметтанушылардың айтуынша, лудомания – ең жасырын тәуелділіктердің бірі. Нашақорлық немесе алкоголизмнен айырмашылығы, ойынға тәуелді адам ұзақ уақыт бойы қалыпты өмір сүріп жүргендей көрінеді. Сондықтан тәуелділікпен күрес тек тыйым салумен шектелмеуі тиіс. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, психологиялық көмекті қолжетімді ету, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және тәуелділікке ерте диагностика жүргізу сынды әрекеттер әрдайым қосарланып отыруы маңызды.
Иә, ол көп жағдайда көмек сұрамайды. Себебі өзін аурумын деп есептемейді, екінші жағынан, ондай адам өмірді шынайы қабылдамайды. Үнемі жалған сенімнің жетегінде жүреді. Сөзіміз құрғақ болмасын, бір танысымыздың қызы былтыр ғана тұрмысқа шыққан болатын. Жылдың басында ажырасып кетті. Себеп – күйеудің казинодан шықпауы. Бастапқыда келіншегіне білдірмеген, бір айдан соң үйге апталап қонбауды шығарған. Екі айдан соң 50 млн теңге шамасында қарызы бар екенін айтқан... Бірақ екі-үш рет «ойнап» қарызды жабам деп әйелін сендірген. Нәтижесінде тағы 2-3 айдан соң қарыз 100 млн-нан асып кеткен. Емделу туралы кеңестерді мүлде тыңдамаған соң жас әйел амалсыздан ажырасу қадамына барған. Бұл – бір отбасының ғана тағдыры...
Qazaq Expert Club эксперті, психолог Жадыра Сабированың пікірінше, қаржылық қиындықтар, жұмыссыздық және әлеуметтік теңсіздік сияқты факторлар құмар ойын ойнауға тәуекелді арттыруы мүмкін, бірақ өздігінен лудоманияның себебі болмайды. «Қаржылық қиындыққа тап болған адам құмар ойынды мәселеден шығудың жолы ретінде қабылдауы мүмкін. Алайда мұндай шешім көп жағдайда жағдайды одан әрі қиындатып, қарыздың өсуіне және психологиялық күйзелістің күшеюіне әкеледі. Дегенмен лудомания салдарынан ажырасу, қарызға бату, қылмыс сияқты әлеуметтік мәселелердің артып келе жатқаны да жасырын емес. Лудомания тек адамның өзіне емес, оның отбасына, қаржылық жағдайына және әлеуметтік қатынастарына әсер етеді. Сенімнің жоғалуы, қарыздың көбеюі, жасырын әрекеттер, эмоционалдық тұрақсыздық отбасылық жанжалдардың жиілеуіне себеп болуы мүмкін. Кейбір адамдар қарызды жабу үшін заңсыз әрекеттерге де баруы ықтимал. Сондықтан лудоманияны тек жеке мәселе емес, қоғамдық денсаулық мәселесі ретінде қарастыру қажет», – дейді ол.
Иә, мамандардың пікірінше, лудоманиямен күрестің ең тиімді жолы – оны тек құқықтық немесе медициналық мәселе ретінде емес, қоғамның әл-ауқаты мен психикалық денсаулығына тікелей әсер ететін кешенді әлеуметтік проблема ретінде қарастыру. Тек сонда ғана ресми есеп пен шынайы өмір арасындағы үлкен алшақтықты азайтуға мүмкіндік туады.
Айгүл Сейіл