Бұл отандық фармацевтика саласының дамуына ықпал етіп, орнықты өндірістік базаны қалыптастыруға, әлеуметтік маңызы бар препараттардың импортын кезең-кезеңімен алмастыруға мүмкіндік береді. Ал шығарылған өнімнің бір бөлігі ЕАЭО, ТМД және Таяу Шығыс мемлекеттерінің нарығына экспортталмақ.
Кейінгі жылдары елімізде өндірілетін дәрі-дәрмек көлемі біртіндеп артып келеді. Қазір отандық дәрі-дәрмек үлесі шамамен 40 пайызға жетті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 191,1 млрд теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 8,7 пайызға жоғары болып отыр.
Министрлік дерегінше, отандық өндірушілердің үлесі табиғи көлемде 39,8 пайызға жетіп үлгерді. Бұл есеп дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесінің ақпараты арқылы расталған. Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов фармацевтика саласына тартылған инвестиция көлемі 142,8 млн долларға жеткенін мәлімдеген еді. Сонымен қатар отандық фармацевтикалық өнім экспорты 84 млн долларға дейін өсті.
Биофармацевтикалық кешен құрылысы
Елімізде толық циклді биофармацевтикалық кешен бой көтереді. Онда онкологиялық, аутоиммунды және сирек кездесетін сырқаттарды емдеуге арналған дәрі-дәрмек пен заманауи иммунобиологиялық препараттар өндірілмек. Бұл отандық фармацевтика саласының дамуына ықпал етіп, орнықты өндірістік базаны қалыптастыруға, әлеуметтік маңызы бар препараттардың импортын кезең-кезеңімен алмастыруға мүмкіндік береді. Ал шығарылған өнімнің бір бөлігі ЕАЭО, ТМД және Таяу Шығыс мемлекеттерінің нарығына экспортталмақ.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елімізде онкологиялық және сирек кездесетін сырқатқа шалдыққан азаматтар қатары бүгінде 320 мыңнан асады. Ал ауыр сырқаттың деніне ем-дом үшін шетелден келетін препараттарға тәуелді болып отырғанымыз белгілі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда дәрілік заттардың отандық үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында елімізде фармацевтика саласы тағы бір маңызды ірі жоба іске қосылады. Үкімет Денсаулық сақтау министрлігі мен Steppe Pharmaceuticals компаниясы арасындағы келісімді мақұлдады. Өндірістік нысандардың бірі Алматы облысында салынады. Мұнда 32 миллиард теңгеден аса қаражат жұмсалып, 20 шақты препарат түрі өндіріледі. Зауыт құрылысы биыл басталып, 2031 жылға дейін жалғаспақ. Өнеркәсіп орнында дәрілік заттар өндірісі мен сертификаттаудан бөлек, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар да жүргізіледі, – дейді Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.
Дәрі өндірісінің жаңа мүмкіндігі
Бүгінде елімізде 209 отандық тауар өндіруші тіркелген. Оның қатарында 43 кәсіпорын дәрі-дәрмек шығарса, 166 компания медициналық бұйымдар өндіріп келеді. Ал таяуда Үкімет Қарағанды облысында фармацевтикалық зауыт салу жобасын мақұлдады. Отандық фармацевтика өндірісінің өсуі елдің дәрі-дәрмек қауіпсіздігін күшейтіп, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Сол себепті бұл жобаның ел фармацевтикасы үшін маңызы жоғары. Бұл жоба аясында инвестициялық келісімге Денсаулық сақтау министрлігі мен Қарағанды фармацевтикалық кешені қол қойған. Жеке инвестициялардың жалпы көлемі – 42,5 млрд теңге, ал жаңа өндіріс орнында 74 түрлі дәрілік зат шығару жоспарланып отыр. Өндірістік желі медицинаның маңызды бағыттарын, оның ішінде онкологиялық, аутоиммунды және орфандық ауруларды емдеуге арналған инновациялық дәрілік препараттарды қамтиды. Зауыт әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу және емдеуге қажетті иммунобиологиялық препараттарды дайындамақ, онымен қоса басқа да жоғары технологиялық өнімдерді, әлемдік стандарттарға сай белсенді фармацевтикалық ингредиенттерді, биологиялық және биотехнологиялық өнімдерді синтездеуді жолға қоймақ мақсатта. Жаңа зауыттың құрылысы аяқталса, 70 жаңа жұмыс орны ашылады. Айтарлығы, қазір фармацевтикалық өнімдер өндірісі саласында 316,3 млрд теңге болатын 6 инвестициялық келісім жасалған. Мұның өзі – отандық дәрі-дәрмек өндірісінің негізі берік қаланып жатқанының белгісі.
Денсаулық саласындағы тағы бір маңызды жобаның бірі – Шымкентте бой көтеретін жаңа зауыт жұмысы. Денсаулық сақтау министрлігі мен «Химфарм» АҚ арасында халықты қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамту және отандық өндірістің үлесін арттыруға бағытталған инвестициялық келісім бекітілген еді. Бұл шешім Шымкенттегі Polpharma Santo кәсіпорнында іске асатын ірі жобаның жаңа кезеңін бастауға жол ашты. Жаңа зауытта 38 түрлі маңызды дәрі-дәрмек өнімі шығарылмақ. Оның ішінде онкологиялық ауруларға қарсы препараттар, жүрек-қан тамыр ауруларына арналған дәрілер, инфекциялық дерттер мен туберкулезге қарсы өнімдер, созылмалы сырқаттарға қарсы препараттар да бар. Жоба қосымша 300 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, жоспарға сәйкес, зауыт 2029 жылдың аяғына қарай қолданысқа берілуге тиіс. Польшалық компания зауыт құрылысына 40 млрд теңге көлемінде инвестиция салып, ғылыми-зерттеу сынақ орталығы мен заманауи зертханалары бар Сапа және инновациялар орталығын ашуға да қолдау көрсетпек.
Отандық дәрілер 12 елге экспортталады
Кейінгі 3 жылда дәрі-дәрмек өндірісіне үш есе көп инвестиция тартылды. Былтыр отандық фармацевтика өнімдерінің 18%-ы экспортталды. Қазір отандық дәрі-дәрмек әлемнің 12 еліне экспортталады. «ФармМедИндустрия» қауымдастығының президенті Руслан Сұлтанов фармацевтика ішкі нарықты қамтамасыз ету кезеңін еңсеріп келе жатқанын айтады.
– Еліміз үшін бұл мәселе ерекше өзекті болып отыр. Өйткені сала алғашқы экспорттық тәжірибесін жинап үлгерді. 12 елге жеткізілетін өнімдер қазақстандық дәрілердің сыртқы нарықта сұранысқа ие екенін көрсетеді. Алайда бірнеше экспорттық келісім мен толыққанды экспорттық саланың арасында үлкен айырмашылық бар. Келесі деңгейге көтерілу үшін компанияларға жаңа нарықтарға шығудан бастап, өнімді басқа елдердің денсаулық сақтау жүйесіне енгізуге дейінгі барлық процесте көмектесетін экожүйе қажет болады, – дейді Р.Сұлтанов.
Бүгінде елімізде 3,5 миллионнан аса адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтылып отыр. Биыл жаңа тізім бекітіліп, қаржыландыру көлемі 87 миллиардтан 337 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Алда тегін берілетін дәрілерді жеткізу логистикасы жүйеленіп, тегін дәрілерді сақтау қоймалары салына бастайды. «СҚ-Фармация» компаниясы өз қойма инфрақұрылымын жасақтайды, негізгі орталықтар Ақтөбе, Ақтау және Семей қалаларында құрылады. Осылайша, жалдау ақысы мен логистикалық шығындарды азайтудың арқасында жыл сайын 1,7 млрд теңгені үнемдеуге болады. Ең бастысы, бұл шешім арқылы бағаның негізсіз өсуіне жол берілмейді. Алғашқы нысан Ақтөбеде келер жылы ашылады.
Цифрландырудың артықшылығы
Елімізде дәрілік препараттарға цифрландыру жүйесі енгізілгелі бері тегін берілетін дәрі-дәрмектерді заңсыз қайта сатудың 25 мыңнан аса фактісі анықталған. Министрліктің хабарлауынша, кейінгі екі жылда цифрландыру жүйесі фармацевтикалық нарықтағы дәрілік заттардың нақты айналымын бақылауға мүмкіндік берген. Қазір елімізде шамамен 1 миллиард дәрі қаптамасы таңбаланған. Оның 604 миллионы импорттық өнім болса, 400 миллионға жуығы отандық кәсіпорындарға тиесілі. Сонымен қатар жүйе арқылы 457 миллионнан астам дәрі қаптамасының түпкі тұтынушыға жеткені тіркелген. Әрбір дәрі қаптамасына Data Matrix коды қойылды, бұл жалған және контрафактілік өнімдердің заңсыз айналымын шектеуге бағытталады. Мамандардың сөзінше, тіркелмеген немесе қолдан жасалған дәрілік заттарды сатуға әрекет жасалған жағдайда жүйе оны алғашқы кезеңде-ақ анықтай алады. Бұған дейін Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда көршілес мемлекеттерден дәрілік препараттарды, күшті әсер ететін медикаменттерді контрабандалық жолмен әкелген 4 компанияны анықтаған еді.
Сонымен қатар антибиотиктерді рецептісіз сатуға қатысты талаптар қаралып жатыр. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың тапсырмасымен дәрігердің тағайындауынсыз антибиотиктердің сатылуын, онлайн-сервистер мен цифрлық платформалар арқылы таралуын қатаң бақылау қолға алынды. Бір сөзбен айтқанда, отандық фармацевтикалық жүйе жұмысын оңтайландыру, дәрі бағасын тұрақтандыру, ішкі нарықты қамтамасыз ету сынды мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Айсұлу СЪЕЗХАН