Константиновка бағытындағы шайқастар күшейіп жатыр. Financial Times басылымының жазуынша, Ресей әскері Донецк облысындағы қаланы үш бағыттан қоршауға тырысып, оны толық бақылауға алуды Донбастағы негізгі мақсаттарының біріне айналдырған. Басылым ресейлік әскердің ілгерілеуі үлкен шығындармен қатар жүріп жатқанын жазады.
Константиновка стратегиялық маңызы бар қала саналады. Ол Украинаның Дружковка, Краматорск, Славянск және Лиман қалаларымен бірге қорғаныс шебінің маңызды бөлігі. Соғысқа дейін мұнда шамамен 70 мың адам тұрған болса, қазір қалада 2 мыңға жуық тұрғын ғана қалған. Олар газ, су, электр жарығы және толыққанды медициналық көмексіз өмір сүріп жатыр.
Ресей президенті Владимир Путин Константиновканың толық бақылауға алынғанын мәлімдегенімен, Украина билігі бұл ақпаратты жоққа шығарады. Black Bird Group сарапшылары Ресейдің негізгі артықшылығы адам ресурсы екенін айтқанымен, Мәскеудің шабуыл әлеуеті украиналық қарсы соққылардың салдарынан шектеулі екенін және маусым айында Ресейдің таза аумақтық шығынға ұшырағанын мәлімдеді.