Оның үстіне, «осы бәлелердің ауыздарына бірдеңе тығып, үндерін өшірейік» деген сасық қулық та бар. Бәлесінен аулақ, осы күні блогер деген бәлекеттер шықты. Ұры тазыша тіміскеленіп, таппайтынды тауып ала қояды. Сосын: «Мынауыңды күллі әлемге жаямын. Үйтемін де сүйтемін», – деп қыр соңынан қалмайды. Осындайда жалынан қасылап, көмейіне бір нәрсе тығып жіберсең, біраз уақытқа дейін жыны басылған бақсыдай тыныш жүреді. Осы есеппен қияндағы қаланың әкімі орынбасарлары мен тиісті бөлім басшыларына шұғыл тапсырма берді.
Бірінші басшы тапсырма бергеннен соң, жан бар ма, барлығы жапа-тармағай іске кірісті. Бірінші кезекте мол дастарқанға кімдерді шақыру керек деген ең өзекті мәселе алға шықты. Ақылмандар жиналып, мәселені ортаға салғанда ең алдымен блогерлерді түгендейік деген шешімге барлығы бірдей қол қойды. «Мемлекеттік басылымдардың арасынан тек басшыларын ғана шақырсақ, қалғаны өкпелемейді, өйткені олар да біздің қолымыздан жем жеп отыр», – деген орынбасардың дәлеліне ешкім қарсы дау айта алмады. Себебі барлығы да блогерлерден бастарын ала қашатын еді.
Салтанатты сәт те келіп жетті. Республикаға аты мәлім қаламгер Қуандық та осы мереке ортасында отыр еді. Ол айналасына байыппен қарағанымен, қаламы жүйрік, мәселені тереңнен қозғай білетін журналист әріптестерін іздегенімен, көзіне ешкім түспеді. «Япырай, мен білмейтін тілшілер көбейіп кетіпті ғой» деп ойлады ол.
Бір кезде әкім марапат иелерін ортаға шақыра бастады. Япырай, сыйлық алып жатқандар арасынан біреуін танысашы. Шарбаққа сүйенбесе жүре алмайтын қотыр ешкідей біреулерге, тиіспесе бойына ас батпайтын Жақыпжан Көпірбаев та осында төрде отыр. Төрде болғанда әкімнің оң тізесін басып отыр. Сол жағында бәлеқорлығымен екі рет түрмеге жатып келген Есенбай есіп ол отыр. Әй, анау әйелі, екі бірдей баласын ертіп келген белгілі блогер Масат емес пе? Бұл не болып кеткен өзі? Бұл өзі журналистердің мерекесі ме, әлде блогерлердің мерекесі ме? Қуандық қатты өкініп, сыртқа шыға бергені сол, орынбасарлардың бірі алдынан шыға келді.
– Қалеке! Қайда кетіп барасыз?
– Мұнда маған орын жоқ сияқты, – деді Қуандық.
– Неге Қалеке? Біз сіздерге арнап дастарқан жайып отырмыз ғой.
– Ендеше мұнда кәдігі журналистер неге аз? Шын мәнінде, мемлекеттің саясатын насихаттап, ұлттық мүдде үшін шыр-пыр болып жүрген солар. Шерхан Мұртаза атамыз «арқалағаны алтын, жегені жантақ» деп соларға баяғы да баға беріп кетіп еді. Сол жантақты әлі де арқалатып жүр екенсіңдер. Сендер нағыз журналисті бағалай алмайсыңдар. Бүгінгі блогерлерге деген шексіз құрмет соны паш етіп отыр. Жә, мен қайта берейін, – деді Қуандық.
Орынбасар жата жабысты. Өйткені әкім Қуандықты жақсы танушы еді. Орынбасарға «Қалекеңді ұмытпаңдар» деп ескертіп қойған. Сондықтан оның кетіп қалғаны орынбасар үшін үлкен қатер. Сұрауы қатты болуы мүмкін.
Орынбасар танымал журналисті қолтықтап қайтып келгенде марапат рәсімі басталып кеткен екен. Сахнаға бірінші болып белгілі бәлеқор шықты. Осыдан соң облыстық газет пен телеарнаның басшылары шақырылды. Қуандық оларды алыстан байқап қалды. «Е, мен байқамай отыр екенмін ғой, журналистер де шақырылыпты ғой», – деп көңілін демдей бергені сол, сахнаға қайдағы бір қолына өмірінде қалам ұстап көрмеген, екі ауыз сөзінде елу қате өріп жүретін танылмаған «таланттар» бірінен соң бірі қаптап шыға бастады.
Ой, мына біреуі әлеуметтік желіде аузына келген бәдігін сапырып, біреуді жекпе-жекке шақырып жүрген айтқыштың біреуі ғой. Жұрт мұны блогер ретінде жыға тани да бермейді. Ал мына бір марапат иесі әкімдерді тығырыққа тіреп, айтқанын орындатып жүрген белгілі бекбике ғой.
– Құрмет иелері осылар болса, жетіскен екенбіз, – деген Қуандық алды-артына қарамай, есіктен шыға берді.
Әкімнің орынбасары Қалдарбек соңынан жүгіріп еді, қайырылмады.
«Той той болмады, бала-шаға жеп кетті» деген екен баяғыда біреу. Қуандықтың ойына осы сөз түсіп, мырс етті.
С.ОЛЖАБАЙ