Тынысты тарылтқан тозған кәріз

Сыр өңірінің Қазалы ауданындағы Әйтеке би кентінде ондаған жылдан бері қордаланған коммуналдық мәселе тұрғындарды әбден титықтатып тұр. Жаздың аптап ыстығында көпқабатты үйлердің кіреберістерін жағымсыз иіс жайлап, жертөлелерге кәріз суы жиналып, санитариялық жағдай күннен-күнге қиындап барады. Тұрғылықты халықтың айтуынша, бұл уақытша пайда болған ақау емес. Түйткіл 36 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген кәріз желілерінің тозуы салдарынан туындауда.

Ең алғаш бұл мәселе кенттегі Жел­тоқсан көшесі №28 тұрғын үйден басталғанымен, бүгінде оған көршілес көпқабатты үй­лер­дің тұрғындары да шағым ай­тып отыр. Бұрын бір подъез­де ғана сезілген жағымсыз иіс қ­азір бәріне тараған. Кейде кә­різ құдықтары толып, лас су жертөлеге жайылады. Мұн­дай көрініс тұрғындардың тұр­мысын қиындатып қана қой­май, денсаулығына да қауіп төн­діріп отыр.

Тұрғындардың «тілегі»

Тұрғындардың айтуынша, кәріз құдықтарының жиі бітелуі қалыпты жағдайға ай­налған. Әр жолы арнайы ме­­кеме келіп құдықтарды таза­ла­ғанымен, араға аз уақыт салып мәселе қайта қайталанады. Сондықтан халық уақытша та­за­лау жұмыстары мәселені шеш­пейтінін айтады.

«Біз көпқабатты тұрғын үй­дің тұрғындары ретінде бір­не­ше жылдан бері шешімін тап­пай ке­ле жатқан күрделі мә­­­­селеге бай­ланысты көмек сұ­рай­мыз. Нақ­тысын айтсам, үйіміздің кіре­берісінде (подъезде) кәріз жүйе­сінен шығатын жағымсыз иіс үздіксіз сезіледі. Иістің күштілігі сон­шалық, пәтерлерде тұрмыс кешу мүмкін болмай қалды. Терезе ашқанның өзінде жағымсыз иіс кетпейді. Бұл жағдай ұзақ уақыттан бері жалғасып келеді. Аталған мәселе  бірінші кезекте тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Яғни  көп­ші­лігіміздің басымыз ауырып, өзі­мізді жайсыз сезінеміз. Әсі­ре­се, балалар мен қарт адам­дар үшін бұл үлкен қауіп ту­дыру­­да. Осыған байланысты жауап­­ты мекемелерден кәріз жүйе­сіне жан-жақты тексеру жүргізіп, ақауларды анықтап, мәселені мүмкіндігінше қысқа мерзімде шешуді сұраймыз. Тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін ескеріп, бұл мә­селеге бейжай қарамай, нақ­ты шаралар қабылдайды деп сенеміз», – дейді кент тұрғыны Гүл­зипа Сарбалаева. 

Оның сөзінше, тұрғын­дар бірнеше жылдан бері түр­лі мем­лекеттік органға шағым­да­­­­­нып келеді. Оның ішінде Тұр­­ғын үй-коммуналдық ша­руа­шылығына, санитариялық-эпи­демиологиялық бақылау қыз­­метіне, облыстық бас­қар­­­­­­­­маларға, тіпті Президент Әкімшілігіне дейін хат жолданған. Алайда халық нақты нәтиже көрмегенін айтады.

Шағым негізінде Са­ни­­тариялық-эпи­де­­мио­логиялық бақылау бас­қар­масы мамандары тексеру жүр­гізіп, тазалау жұмыстарын ұйым­дас­тырған. Бірақ көп ұзамай кәріз құдықтары қайта бітеліп, жағымсыз иіс бұрынғыдай тарала бастаған.

«Қазалы ауданының Әйтеке би кентіндегі Желтоқсан кө­ше­сі, 28 үйде тұрамын. Біз тұ­ра­­тын үш бесқабатты тұрғын үй­дің кәріз жүйесіне «Қазалы су сервис» мекемесі қызмет көр­­сетеді. Алайда осы аумақ­тың кә­різ желілері мен құдық­та­ры­на 36 жылдан бері күрделі жөн­деу де, жаңғырту да жүргі­зіл­меген. Соның салдарынан кә­різ құдықтары жиі бітеліп, жа­ғымсыз иіс подъездерге та­рай­ды. Үйімізде таза ауамен ты­­ныстаудың өзі қиын болып кет­ті. Осы жағдайға байланыс­ты аудандық Санитариялық-эпи­демиологиялық бақылау басқармасына шағымданып, фото-дәлелдерімді жібердім. Мамандар келіп, тиісті жұмыс­тарды атқарғанымен, мәселе тү­бе­гейлі шешілген жоқ. Қазір де құдықтар жиі бітеледі, ал жа­­ғымсыз иіс қайта-қайта шы­ғып тұрады. Біз уақытша та­за­лау жұмыстарын емес, 36 жыл­дан бері жаңартылмаған кә­різ жүйесін толық жөндеп, жаң­ғыртуды сұраймыз. Өйт­ке­ні бұл жай ғана тұрмыстық қо­лайсыздық емес, тұрғындардың денсаулығына, санитариялық жағдайға және өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін мә­се­ле. Сондықтан жауапты мекемелер тұрғындардың үнін ес­тіп, мәселені созбалаңға салмай, нақты шешім қабылдайды деп үміттенеміз», – дейді кент тұрғыны Төлеуғазы Есмамбетов. 

Тұрғындардың пікірінше, мәселе тек Желтоқсан кө­шесімен шектелмейді,  кент­тегі Счастнов және Жанқожа көшелеріндегі кәріз құдықтары да жиі бітеледі. Бұл инженерлік желілердің жалпы жағдайының нашар екенін көрсетіп отыр.

«Әйтеке би кентіндегі Счастнов көшесінің тұрғынымын.  Өзім 5-қабатта тұрсам да, екі жыл­­­дан бері кәрізден шыққан кү­лімсі иіс өкпені қабады.  Әсі­ре­се, жаз мезгілінде таңғы са­ғат 7-8, қысқы күндері 8-9 ара­лы­ғын­­да су айдаған сәттері қатты сезіледі.  Ауық-ауық тереземізді ашып,  иісті кетіруге мәжбүрміз.  Екі жылдан бері тиісті орындарға талай өтініш тастадық. Тіпті екі-үш мәрте ақылы түрде ка­на­лизацияның суын тартқызып,  тазалау жұмыстарын жүргіздік. Бірақ бәрібір күлімсі иістен ары­­ла алмай отырмыз. Бі­з­­дің өті­нішімізге құзырлы орын­дар­дың алаңдап отырғаны да бай­қалмайды. Аталмыш аумақ хал­қы бұл келеңсіздікті жедел түр­де шешуді талап етеміз», – дейді тағы бір тұрғын Айгүл Бай­қадамова.

Күтуден басқа қайыр жоқ

Осы мәселеге байланысты Қазалы ауданының тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы, жо­лаушылар көлігі және ав­то­­мобиль жолдары бөлімі өз ұстанымын білдірді. Ресми мәлімет бойынша, бөлім бас­шы­­­сының міндетін атқарушы, «Қазалы Су Сервис» мекемесі бас­шысының міндетін уақытша атқарушы және КСК өкілдері тұр­ғындармен кездесіп, жағдай­ды зерделеген.

Бөлімнің мәліметінше, жа­­­­ғымсыз иістің бас­ты себебі – бұған дейін кәріз суы­ның жертөлеге жиналып, ыл­ғал­дың сақталуы байланысты бол­са керек. Сол себепті иіс по­дъездерге тарай бастаған. Жауапты мекеме бүгінде жертөлеге топырақ төселіп, хлорлау жұ­мыс­тары жүргізілгенін хабарлады. Мамандардың айтуынша, жертөле толық құрғағаннан кейін жағымсыз иіс біртіндеп жойы­лады. Сонымен қатар бұл мәселе тұрақты бақылауда еке­нін алға тартты.

«Ресми мәліметке сәйкес, жа­­ғымсыз иістің негізгі себе-бі – бұ­ған дейін кәріз суының жер­төлеге өтіп, онда ылғалдың жи­налуынан туындап отыр. Со­ның салдарынан жертөледегі иіс подъездерге тараған. Осыған бай­ланысты тұрғындарға жер­төледегі ылғалдың толық кебуіне белгілі бір уақыт қажет екені тү­сіндірілген. Қазір жертөледе иіс­тің алдын алу мақсатында то­пырақ төсеу және хлорлау жұ­мыстары жүргізілді. Жауапты ме­кеме аталған шаралардың нә­тижесінде жағымсыз иіс бір­тіндеп жойылады деп күті­ле­тінін, ал мәселе бөлімнің тұ­рақ­ты бақылауында екенін ха­бар­лайды», – дейді бөлімнің жаз­баша жауабында.

Алайда тұрғындар бұл тү­сін­дірмені жеткіліксіз деп са­най­ды. Өйткені олар үшін бас­ты мә­селе – иісте емес, оның үз­дік­сіз қайталана беруінде болып тұр. Егер тозған инженерлік же­лі­лер то­лық жаңартылмаса, бү­гінгі та­залау жұмыстары бұл түйт­кілдің ертең тағы да қайта­лан­байтынына кепіл бола алмайды.

Негізінен коммуналдық инф­рақұрылымның тозуы елі­міздің көптеген өңіріне тән мә­селе. Сарапшылардың пі­кі­рін­ше, кәріз желілерінің қыз­мет ету мерзімі аяқталған жағ­дай­да оларды кезең-кезеңімен жаң­ғырту қажет. Әйтпесе, ке­лең­сіз жағдайлар жиілеп, сани­тария­лық қауіп арта түсетіні айтылады.

Әйтеке би кенті тұрғын­да­ры­ның дәл қазіргі сәттегі та­ла­­бы да осы. Олар жауапты ме­ке­­­­­мелерден уақытша шаралар емес, инженерлік желілердің тех­­­­никалық жағдайына толық са­рап­тама жасап, күрделі жөн­деу немесе толық жаңғырту бағдар­ла­масын әзірлеуді сұрайды.

Қазір жауапты мекемелер мә­селенің бақылауда екенін айт­­­қанымен, тұрғындар нәти­же­ні сөзден емес, нақты істен кү­теді. Сондықтан Әйтеке би кентін­дегі түйткілді уақыт созбай шешу – тек үш үйдің ғана емес, жалпы халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін маңызды екенін қаперге алған абзал. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы