Бірінші блок Жарғыны Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мен қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруге бағытталды. Екінші блок партияның басшылық органдары арасындағы өкілеттіктерді нақты айқындауды және заманауи әрі тиімді ұйымдастырушылық тетіктерді енгізуді қажет ететін партияішілік басқару жүйесін жетілдіруді көздейді. Үшінші блок құжатты редакциялық және жүйелік тұрғыдан жетілдіруге арналды. Соның нәтижесінде Жарғы мазмұны жағынан бірізді, қисынды және практикалық тұрғыда қолдануға барынша қолайлы болады.
«Заманауи Жарғы – бұл шешім қабылдау тәртібін, жауапкершілікті бөлуді, басқару тиімділігін және еліміздің барлық аумағында партия қызметінің бірыңғай стандарттарын айқындайтын құжат. Сонымен қатар партия өзінің негізгі құндылықтары мен басты қағидаттарын сақтап қалады», – деді Гүлзира Атабаева.
Жарғының жаңартылған редакциясында партияішілік басқару жүйесін жетілдіру ісіне ерекше назар аударылды.
«Ұсынылып отырған өзгерістер партияның жоғары органдарының стратегиялық рөлін, шешім қабылдау барысының жеделдігін, басқарудың цифрлық құралдарын және ел аумағындағы жұмыстың бірыңғай стандарттарын өзара үйлестіретін заманауи партиялық басқару моделін қалыптастырады», – деді Бекжан Әлімқұлов.
Сондай-ақ делегаттар мүшелік партиялық жарналардың мөлшерін бекітті. Жұмыс істейтін азаматтар үшін ай сайынғы жарна мөлшері – 0,1 АЕК, ал студенттер үшін – 0,01 АЕК. Сонымен қатар зейнеткерлер, мүгедектігі бар қазақстандықтар, бала күтімі бойынша демалыста жүрген ата-аналар, сондай-ақ мүгедектігі бар балалардың заңды өкілдері мүшелік жарна төлеуден толық босатылды.
Ұйымдастырушылық мәселелер қаралғаннан кейін «Әділет» партиясының кезектен тыс III съезінің делегаттары сайлауалды бағдарламаның негізгі басымдықтарын талқылап, Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бекітті.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – мазмұны мен басты басымдықтары жаңартылған партияның сайлауалды бағдарламасын бекіту болды. Құжат 8 негізгі бағыттан тұрады. Оларды партияның Саяси кеңес мүшелері жан-жақты таныстырды. Бағдат Мусин цифрлық мемлекетті дамытуға арналған бастамаларды ұсынды. Замира Кузиева өңірлерді дамыту мәселелеріне тоқталды. Ренат Бектұров әділетті экономиканы қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. Динара Зәкиева әлеуметтік саясат бағытын ұсынды. Лаура Қарабасова адами капиталды дамыту мәселелеріне тоқталды. Қарлығаш Жаманқұлова мәдениет саласына қатысты бастамаларды таныстырса, Ирина Тен экологиялық күн тәртібіне арналған ұсыныстарын ортаға салды.