Ақмола облысының Бурабай кентіндегі қонақүй кешендерінің бірі алапат өртке оранды. Бір-ақ сәтте жалыны аспанға шыққан тілсіз жау кір жуу ғимаратынан шыққан, – деп хабарлады Aikyn.kz порталының тілшісі.
Өрт Бурабай кентіндегі қонақүй кешендерінің бірінің аумағында орналасқан, қонақүйдің жанындағы жеке тұрған кір жуу ғимаратында тұтанғаны анықталды. Өрт ошағы екіқабатты ғимараттың бірінші қабатынан шыққан.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, құтқарушылар оқиға орнына жеткенге дейін мекеме қызметкерлерінің бірі өздігінен қауіпсіз жерге эвакуацияланған.
– Оқиға орнына төтенше жағдайлар бөлімшесінің қызметкерлері жедел жетіп, өрт сөндірушілердің үйлесімді әрі кәсіби іс-қимылының нәтижесінде жалын қысқа уақыт ішінде толық ауыздықталды. Өрт 50 шаршы метр аумақты шарпыған. Ал ғимараттың жалпы ауданы – 80 шаршы метрді құрайды. Дер кезінде өрт сөндірушілердің үйлесімді әрекетінің арқасында тілсіз жаудың ғимараттың өзге бөлігіне және айналаға таралуына жол берілген жоқ, – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.
Абырой болғанда, өрт салдарынан зардап шеккендер тіркелмеген. Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы себеп болған. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырып, электр жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын назардан тыс қалдырмауды ескертті.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы