Бурабайда 22 жастағы бойжеткен квадроцикл апатынан қаза тапты

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бурабайда жалға алынған квадроцикл аударылып, 22 жастағы астаналық қыз қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қайғылы жол-көлік оқиғасы 7 шілдеде Зеленый Бор мен Бурабай кенттерінің арасындағы автожолда болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Астананың 22 жастағы тұрғыны квадроциклді басқара отырып, көлікті аударып алған.

"Алған жарақаттарының салдарынан ол оқиға орнында көз жұмды. Ал квадроциклдің 2007 жылы туған жолаушысы, Астана қаласының тұрғыны, медициналық көмекке жүгінді", – деп хабарлады Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Оның ішінде квадроциклдерді жалға беру пунктінің қызметі, мотокөлікті жалға беру кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталуы және қайғылы оқиғаға әкелуі мүмкін өзге де себептер тексерілуде.