1-сыныпқа құжат қабылдау жалғасып жатыр

Өтініш беру үшін заңды өкілдің тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуі болуы қажет.

Еліміздегі барлық мемлекеттік мектепте, оның ішінде «Келешек мектептерінде» де, 1-сыныпқа құжат қабылдау жалғасып жатыр,  – деп хабарлайды Aikyn.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап. 

Өтінішті OQU ұлттық білім беру платформасы (oqu.edu.kz), eGov электрондық үкімет порталы арқылы немесе білім беру ұйымына тікелей барып, қағаз түрінде беруге болады.

«Келешек мектептеріне» қабылдау кезінде мектептің қызмет көрсету аумағында тұратын балалар басым құқыққа ие. Сонымен қатар, бос орын болған жағдайда ата-аналар (заңды өкілдер) кез келген мемлекеттік білім беру ұйымына өтініш бере алады.

Өтініш беру үшін заңды өкілдің тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуі болуы қажет. Тұрғылықты мекенжай мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы расталады.

1-сыныпқа қабылдау үшін қажет құжаттар:

  • баланың 3×4 көлеміндегі фотосуреті;
  • профилактикалық егу картасы (№ 065/е нысаны);
  • баланың денсаулық паспорты (№ 052-2/е нысаны);
  • психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (ПМПК) қорытындысы (ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін).

Мектепалды даярлықтан (0-сынып) өткен білім алушылар ата-аналарының (заңды өкілдерінің) өтініші негізінде 1-сыныпқа қабылданады.

Қабылдау мерзімдері өңірлер бойынша:

27 мамыр - 31 тамыз:

Астана қаласы, Абай, Жетісу, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстары.

10 маусым - 31 тамыз:

Алматы қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары.

18 маусым - 31 тамыз:

Шымкент қаласы, Алматы, Қостанай, Павлодар және Атырау облыстары.

29 маусым - 31 тамыз:

Түркістан, Маңғыстау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары.

Құжат қабылдау өңірлерде әртүрлі күндері басталғанымен, барлық өңірде 2026 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады. Құжаттарды алдын ала тапсырып, қабылдау мерзімін өткізіп алмаңыздар.