Ұлттық ұлан сарбазы «Калашников» фильміндегі актерге ерекше ұқсастығымен көпшіліктің назарын аударды

Олар сарбаздың түрі «Калашников» фильмінде басты рөлді сомдаған актер Юрий Борисовқа айрықша ұқсайтынын жиі айтады

Ақтөбелік Никита Масляник ҚР ІІМ Ұлттық ұланында мерзімді әскери қызметін өткеріп жүр. 5513 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері алғашқы күннен-ақ сырт келбетімен қаруластарының назарын аударды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сарбаздың айтуынша, дәл осы салыстырулардан кейін ол «Калашников» көркем фильмін тамашалаған. Картина аты аңызға айналған атыс қаруын құрастырушы Михаил Калашниковтың өмір жолы мен кәсіби қалыптасуы туралы баяндайды. Фильм Никитаға ерекше әсер қалдырған.

Әсіресе әйгілі конструктордың өміріндегі маңызды кезеңдердің Қазақстанмен тығыз байланысты болғанын білу жас жауынгер үшін күтпеген жаңалық болды.

Қазіргі таңда Никита Масляник Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінде әскери міндетін абыроймен атқарып, әскери мамандықтың қыр-сырын меңгеріп, кәсіби дағдыларын шыңдап келеді. Оның айтуынша, әскер өмірі тәртіпке баулып, жауапкершілікті арттырып, ер мінезді шыңдауға үлкен ықпал етеді.

Белгілі актермен ұқсастығына қарамастан, жас сарбаз үшін ең бастысы – әскери антқа адал болып, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеу.