Батыс Қазақстанда аңшы абайсызда жолдасын атып өлтірді

Оқ сол сәтте қарсы алдында тұрған жолдасының іш тұсына тиіп, ол оқиға орнында көз жұмған.

Батыс Қазақстан облысында аң аулау кезінде болған қайғылы оқиғаға қатысты сот үкім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ер адам мылтығын қардан тазаламақ болып, абайсызда жолдасын атып өлтірген.

Оқиға өткен қыста аңшылық кезінде болған. Тергеу мәліметінше, екі таныс бірнеше қоян атқаннан кейін темекі шегу үшін аялдаған. Сол кезде ер адамдардың бірі мылтығына қар жабысып қалғанын байқап, оны тазаламақ болады. Алайда абайсызда шүріппені басып қалып, қару атылып кеткен.

Оқ сол сәтте қарсы алдында тұрған жолдасының іш тұсына тиіп, ол оқиға орнында көз жұмған.

Тергеу бұл оқиғаны қарумен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған қылмыс ретінде саралады.

Сот үкім шығару кезінде айыпталушының кінәсін толық мойындағанын, жасаған ісіне өкінетінін, кәмелетке толмаған балалары барын және жәбірленуші тараптың пікірін ескерді.

Нәтижесінде ер адам бір жарым жыл мерзімге пробациялық бақылаумен бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.