Павлодарлық әйел Қазақстан Республикасының азаматы бола тұра, 2022 жылы Ресей Федерациясының азаматтығын қабылдап, Ресей төлқұжатын алған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл жағдайды полиция қызметкерлері анықтамайынша, келіншек бұл деректі жасырған. Сонымн қатар Қазақстан құжаттарын пайдалануды жалғастырған. Көші-қон қызметінің қызметкерлері құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартып, оған 735 250 теңге көлемінде айыппұл салды.
Жалпы, Қазақстан Республикасында қос азаматтыққа жол берілмейді, яғни шетел азаматы бір мезгілде Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттің азаматы бола алмайды. Жыл басынан бері Павлодар облысында 332 адам Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан. Оның ішінде 328 адам басқа мемлекеттің азаматтығын алғаны туралы өз еркімен хабарлаған.
– Басқа мемлекеттің азаматтығы бола тұра, Қазақстан Республикасының құжаттарын пайдаланғаны үшін 12 азамат анықталды. Сонымен қатар 18 құқық бұзушы басқа мемлекеттің азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламағаны үшін жауапкершілікке тартылды, – деді Павлодар облысы ПД көші-қон қызметінің бастығы Қанат Сартов.