Премьер-министр Олжас Бектенов Энергетика министрлігіне, «Самұрық-Қазына» АҚ және QazaqGaz АҚ-ға Қашаған, Қарашығанақ және Жаңаөзен газ өңдеу қуаттарында құрылыс-монтаждау жұмыстарын апта сайын бақылау жүйесін енгізуді тапсырды. Бұл жобалар ішкі нарық үшін тауарлы газ өндірісін арттырып, мұнай-газ химиясы саласын дамытудың драйвері болуы тиіс, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Барлық жобалардың табысты жүзеге асырылуы мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігіне, экономиканың инвестициялық тартымдылығына және азаматтарымыздың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Экономиканың дамуы тұрғындар тарапынан да, өнеркәсіп секторынан да газға сұраныстың үнемі өсуімен қатар жүреді. Бізге саланың ресурстық мүмкіндіктері мен экономиканың қажеттіліктері арасындағы ұзақмерзімді теңгерімді қамтамасыз ету керек. Көгілдір отынды жеткізу инфрақұрылымын дамыту, газ өңдеу зауыттарын салу және өңірлерді газдандыру жобалары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Газ саласын дамыту озық қарқынмен жүруі тиіс. Жаңа кәсіпорындарды іске қосу, инвестиция тарту және еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі арттыру үшін инфрақұрылым уақтылы қамтамасыз етілуі қажет.
Осы ретте Қашаған, Қарашығанақ кен орындарында және Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдеу қуаттарын салу жобаларының маңызы ерекше.
Дәл осы нысандар ішкі нарыққа қажетті тауарлық газ өндірісін ұлғайтып, мұнай-газ химиясын дамытудың драйвері болуы тиіс.
Сондықтан Энергетика министрлігіне, “Самұрық-Қазына” қорына және QazaqGaz компаниясына аталған нысандардың құрылыс-монтаждау жұмыстарына апта сайынғы негізде бақылау жүйесін енгізуді тапсырамын», - деді Олжас Бектенов.