Президенттің Парламент палаталарының бірлескен отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қазақстанда өңірлерді газбен қамту жеделдетіледі. Халықты қамту деңгейі 2035 жылға қарай 80%-ға дейін жетпек. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, бүгінде еліміздің газбен қамтылу деңгейі – 64,2%, табиғи газға 13,1 млн адам қол жеткізген. Биыл газ тасымалдау жүйесін дамыту 40 жоба аясында жалғасады, оның ішінде 7-сі бұрыннан бар және 33-і жаңа жоба.
Қазақстанның солтүстігін көгілдір отынмен қамтамасыз етудегі негізгі қадам – Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» ЖАҚ арасында «Есіл – Астана» магистральдық газ құбырын салу туралы меморандумға қол қойылғаны. Жоба Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын газбен тұрақты жабдықтауға кепілдік береді, сондай-ақ еліміздің солтүстік өңірлеріне табиғи газ жеткізу бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік пайда болады.
«Елімізді газдандыру деңгейін 2035 жылға қарай 64,2%-дан 80%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, газ транзиті – 70,4 млрд текше метр, 2026 жылға арналған жоспар – 73,3 млрд текше метр. 2026 жылдың 5 айындағы нақты көрсеткіш 30,3 млрд текше метрге жетті», – деді министр.