Ашық НҚА порталында "Қазақстан Республикасының аумағына алма әкелуге тыйым салуды енгізу туралы" бұйрық мәтіні жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Құжатты Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген. Оны қоғамдық талқылау үшін порталға 8 шілдеге дейін салынды.
– Бұйрық жобасында алманың транзиттік тасымалдарын, сондай-ақ оның ҚР аумағы арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына орын ауыстыруын қоспағанда, үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден автомобиль, су және теміржол көлігімен ҚР аумағына алманы (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының коды: 0808 10) әкелуге 2026 жылғы 1 тамыздан 31 желтоқсанға дейінгі мерзімде тыйым салу көзделген, – делінген бұйрықта.
Бұл жобаның мақсаты – отандық өндірушілерді қолдау және өнімнің тұрақты өткізілуін қамтамасыз ету, сондай-ақ оның теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарлары болмайды.