Арқалық қаласында Ұлттық домбыра күніне арналған екі күндік мерекелік іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ұлттық өнердің мәртебесін айшықтаған тағылымды мерекеге ұласты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бағдарламаға қала тұрғындары, өңір қонақтары, өнер ұжымдары мен жас орындаушылар қатысып, қазақтың дәстүрлі музыка өнері кеңінен насихатталды.
Мереке аясында «Тобыл – Торғай» күйшілерінің күй тартысы, «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблінің, «Ақжелең» ұлт аспаптар ансамблінің концерттері, белгілі күйші Анар Мұздаханованың шығармашылық кеші, түрлі мәдени кездесулер мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.
Мерекенің шарықтау шегі – 1000 домбырашы мен 26 қобызшының бір мезетте өнер көрсетуі болды. Қазақтың халық күйлері орындалған ерекше композиция ұлттық рухты асқақтатып, көрерменнің зор ықыласына бөленді.
Салтанатты іс-шара барысында қала тұрғындары мен қонақтарын Ұлттық домбыра күнімен Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында: «Домбыраны ұлықтау арқылы біз төл өнерімізді төрге оздырамыз» деп атап өтті. Ата-бабамыздың мәдени мұрасын көздің қарашығындай сақтау – нағыз отаншылдықтың көрінісі. Президенттің Торғай өңірінің дамуына қатысты берген тапсырмасына сәйкес бүгінде Қостанай облысының әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақаловтың бастамасымен Арқалық қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ ол домбыраның ұлттың рухани болмысын айқындайтын қасиетті мұра екенін атап өтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызды бағыты екенін жеткізді.
Мерекеге алыс-жақыннан келген қонақтар да белсенді қатысты. Олардың қатарында шетелдік туристер де болып, қазақтың күй өнері мен домбыраның қоңыр үніне жоғары бағасын берді.
Іс-шара барысында ұлттық өнерді дамытуға және домбыра мәдениетін насихаттауға үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетіліп, қала әкімінің Алғыс хаттары мен сый-сияпаттары табысталды.
Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік бағдарлама еліміздің өнер майталмандары қатысқан гала-концертпен қорытындыланды. Арқалықтағы кең көлемді мереке халқымыздың төл өнерін ұлықтап, ұлттық мәдениеттің өміршеңдігін және ұрпақтар сабақтастығын тағы бір мәрте айқын көрсетті.