Осыған дейін аталған кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы ұйымдастырған байқауда бас жүлдені иеленген. Оқырманға жол тартқан бұл кітапта қазақтың төл болмысымен біте қайнасқан киіз үйдің түрлері мен құрылымдық ерекшеліктері кеңінен баяндалады. Сондай-ақ кереге, уық, шаңырақ жасау өнері, киіз басу дәстүрі, үй жабдықтарын әзірлеу тәсілдері, олардың ұлттық қолөнердегі орны мен мәдени-рухани мәні жан-жақты қамтылған. Кітап қазақтың дәстүрлі дүниетанымы мен ұлттың материалдық әрі рухани құндылықтарын дәріптей отырып, киіз үйдің халқымыздың өмір салтындағы маңызын аша түседі.
Тұсаукесер рәсімінде арнайы сөз алған «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед кітаптың оқырман алдындағы негізгі миссиясы мен көпке берер құндылығына тоқталды. Ол аталмыш туындының «Атамұра» баспасының ұлттық мәдени мұраны насихаттау жолындағы кезекті жұмысы екенін және бұл дәстүр әрмен қарай да үзілмейтінін атап өтті.
– Бүгін таныстырылып отырған «Киіз үй / The Kazakh Yurt» кітабының дүниеге келуіне менің киіз үйде өсіп, сол ортада тәрбие алуым себеп болды. Бұл – киіз үйге деген ерекше сүйіспеншіліктен туған еңбек. Кітапты жазып, оны баспаға дайындау ісінде «Атамұра» баспасының үлесі мол. Баспа қазіргі уақытта ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрімізді жаңғыртуға және оны әлемге танытуға бағытталған маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді. Бұл кітаптың құндылығы жоғары болғанымен, «Атамұра» баспасы оны көпшілікке қолжетімді бағамен ұсынуды жөн деп тапты. Өйткені басты мақсат – қазақтың төл мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіріп, ұлттық құндылықтарды насихаттау және шетелдік оқырманға таныстыру, – деді автор Бұлбұл Кәпқызы.
Туындыны қазақ тілінен ағылшын тіліне Дүйсенәлі Әлімақын тәржімалаған. Жиын барысында ол еңбекті ағылшын тіліне аудару қиындық туғызбағанын, керісінше, зор мақтаныш сезімін сыйлағанын алға тартты. Жазушы бұл әсерді балалық шағының киіз үймен етене байланыста өткенімен байланыстырды. Өз сөзінде ол ұлттық құндылықты әлем оқырманына таныстырудың өзі үлкен жауапкершілік әрі мәртебе екенін жеткізді.
– Бір халықты екінші халыққа танытатын ең басты құндылықтардың бірі – оның мәдениеті мен әдебиеті. Сондықтан «Киіз үй / The Kazakh Yurt» кітабын ағылшын тіліне аудару кезінде мен бұл еңбекті жай ғана аударып отырған жоқпын, халқымыздың болмысын, мәдениетін әлем оқырманына таныстырып жатырмын деген сезімде болдым. Киіз үйдің әрбір құрамдас бөлігінің атауын, мағынасын және қазақтың дәстүрлі тұрмысындағы орнын жақсы білемін. Бұл еңбекті аудару ісінде ұлттық мазмұнды дәл жеткізуге мүмкіндік берді деп ойлаймын, – деді ол.
Дегенмен аудармашы жұмыс барысында бірқатар кәсіби маманның кеңесіне жүгінген. Оның сөзінше, қазақтың дәстүрлі тұрмысы мен мәдениетіне қатысты кейбір атаулар мен ұғымдар контекстік тұрғыдан шетелдік оқырманға бірдей түсінікті бола бермейді. Сондықтан аударма кезінде ұлттық мазмұнды сақтай отырып, оның мағынасын өзге мәдени орта өкілдеріне барынша ұғынықты жеткізуге баса назар аударылған. Жазушы бұл еңбекті тәржімалау барысында дәл осы мәселеге айрықша мән бергенін атап өтті.
– Аударма жасау кезінде шетелдегі жетекшілеріммен және достарыммен ақылдасып отырдым. Өйткені қазақтың ұлттық мәдениетіне қатысты кейбір ұғымдарды шетелдік оқырманға түсінікті етіп жеткізу маңызды болды. Мәселен, «Шаңырақ» сияқты атауларды Shanyrak деп ұсына салғаннан гөрі олардың ағылшын тіліндегі баламасын көрсетіп отырдым. Себебі бізге етене таныс ұғымның барлығы өзге жұртқа түсінікті бола бермейді. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» демекші, осылайша көпшіліктің ақыл-кеңесіне сүйене отырып, құнды еңбекті жарыққа шығардық, – деді жазушы, аудармашы Дүйсенәлі Әлімақын.
Атап өтерлігі, бұған дейін 32-Бейжің халықаралық кітап көрмесінде таныстырылған «Киіз үй» кітабы Қытайдың баспа саласы өкілдері мен оқырман қауымының ерекше қызығушылығын тудырған. Қазір бұл еңбек ұлттық мәдени мұраны әлемдік деңгейде насихаттауға бағытталған маңызды жобалардың бірі ретінде жоғары бағаланып отыр.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы