Қытай астанасы Бейжіңде Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуына арналған салтанатты жиында партияның ең жоғары марапаты – «1 шілде» ордені табысталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Биыл бұл марапатқа сегіз адам ие болды. Олардың қатарында қазақ ұлтының өкілі, дәрігер Ухас Сүлеймен де бар. Осылайша ол Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары партиялық наградасын алған алғашқы қазақ атанды.
Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Тарбағатай аймағында ұзақ жыл еңбек еткен дәрігер 40 жылдан астам уақыт бойы шалғайдағы малшыларға медициналық көмек көрсетіп келеді. Ол осы уақыт ішінде 100 мыңнан астам науқасты емдеп, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға және 3200-ден астам сәбидің дүниеге келуіне көмектескен.
Бұған дейін Ухас Сүлеймен ауылдық денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Қытайдың бірқатар мемлекеттік марапатымен наградталған.
Айта кетейік, «1 шілде» ордені – Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары партиялық марапаты. Ол 2017 жылы тағайындалып, елдің дамуына ерекше үлес қосқан партия мүшелеріне бес жылда бір рет табысталады.