Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және кейбір актілерінің күші жойылды деп тану туралы» Жарлыққа қол қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Президент Әкімшілігінің Басшысы бірінші орынбасары Ерлан Қариннің айтуынша, бұл – Жаңа Конституция заңды күшіне енгеннен кейін қабылданған алғашқы Жарлық. Құжат конституциялық реформаны жүзеге асыруға бағытталып, Президенттің 100-ден астам нормативтік актісін Ата заңның жаңа талаптарына сәйкестендіруді көздейді.
Бүгін Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілерінің күші жойылды деп тану туралы» Жарлыққа қол қойды.
Бұл – Президенттің Жаңа Конституция заңды күшіне енген соң қол қойған алғашқы Жарлығы екенін айта кеткен жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Осы ерекше күн еліміздің бүкіл саяси жүйесін, сондай-ақ мемлекеттің және азаматтық қоғамның негізгі институттарын түбегейлі жаңғырту кезеңі басталғанын аңғартады.
Жарлықта Ата заңның ережелеріне сәйкестендіру үшін Президент бекітетін 100 астам нормативті актілерге өзгерістер енгізу көзделген.
Осылайша, Мемлекет басшысы 2026 – Конституциялық реформасын қарқынды іске асыруды жалғастыруда.
Жарлықтың мазмұнына келсек, бірқатар өзгерістер терминологиялық сипатта болып отыр: «Құрылтай», жалпыхалықтық референдум», «теңге» және басқа да ұғымдар өзге актілерде көрініс тапты.
Бұдан бөлек, мемлекетті дамытудың конституциялық қисынын айқындайтын түбегейлі өзгерістер өте маңызды.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» 2025 жылғы 5 қарашада қабылданған Жарлыққа енгізілген түзетулерді айрықша атап өткен жөн. Жаңартылған редакцияда Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі тарихи меже деп көрсетілген. Сондай-ақ, бұл оқиға заманауи, барынша серпінді мемлекеттік-саяси үлгіге көшіп, жаңа қоғамдық этика қалыптастыруға берік негіз болатыны айқындалған.
Осыған байланысты, еліміздің жүйелі жаңғырту кезеңінде ішкі саясат саласына баса мән беріледі. Оның басты міндеті – конституциялық құндылықтар мен қағидаттарды, ілгерілету, қорғау және жүзеге асыру болмақ. Мұның бәрі мемлекеттік институттардың алдағы уақытта атқаратын жұмыстарына, қоғамдық диалогты дамытуға және жасампаз әрі жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға арқау болады,-деп жазды Е. Қарин.