Талдықорған мен Өскемен арасындағы жол учаскесі ақылы болмақ

Бұйрық 2026 жылғы 10 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Көлік министрі міндетін атқарушының 2026 жылғы 23 маусымдағы бұйрығымен республикалық маңызы бар Талдықорған – Өскемен автомобиль жолы учаскесін ақылы негізде пайдалану туралы шешім қабылданды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Құжатқа сәйкес, Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – Ресей Федерациясының шекарасы (Сарқанды, Аягөзді айналып өтетін және Мұқыры асуына кіреберісі бар) республикалық маңызы бар I-б және II техникалық санаттағы автомобиль жолының Талдықорған – Өскемен учаскесі ақылы болады.

Балама бағыт ретінде облыстық маңызы бар Талдықорған – Үштөбе – Молалы – Лепсі – Ақтоғай – Таңсық – Аягөз – Қарауыл – Семей және республикалық маңызы бар Семей – Өскемен жолдары ұсынылады.

Ақылы жолдың басталу нүктесі – 287-шақырым, аяқталу нүктесі – 1073-шақырым. Ақылы учаскенің жалпы ұзындығы 772,955 шақырымды құрайды.

Жолдың қозғалыс жолағы екі бағытта 1 және 2 жолақтан тұрады.

Жолдың толық бағыты бойынша жүру ақысы төмендегідей белгіленді:

жеңіл автокөліктер – кейін төлеу кезінде 118 теңге (0,0272 АЕК), алдын ала төлеу кезінде 101 теңге (0,0235 АЕК);

16 орынға дейінгі автобустар және 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – кейін төлеу кезінде 5920 теңге (1,3688 АЕК), алдын ала төлеу кезінде 5035 теңге (1,1643 АЕК);

32 орынға дейінгі автобустар және 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – кейін төлеу кезінде 2,7562 АЕК, алдын ала төлеу кезінде 2,3473 АЕК;

32 орыннан асатын автобустар және 10 тоннаға дейінгі автопоездар – кейін төлеу кезінде 4,1241 АЕК, алдын ала төлеу кезінде 3,5099 АЕК;

10 тоннадан 15 тоннаға дейінгі жүк көліктері – кейін төлеу кезінде 5,5142 АЕК, алдын ала төлеу кезінде 4,6853 АЕК;

15 тоннадан асатын жүк көліктері, оның ішінде тіркемелі көліктер мен ершікті тартқыштар – кейін төлеу кезінде 6,8812 АЕК, алдын ала төлеу кезінде 5,8479 АЕК.

Сондай-ақ жеңіл автокөліктерден басқа көлік түрлері үшін жүк көтергіштігіне қарай ай сайынғы абоненттік төлем (2-ден 10 АЕК-ке дейін) және жылдық абонемент қарастырылған.

Жылдық абонементтің құны:

жеңіл автокөліктер үшін – 1 АЕК;

жүк көліктері үшін – 20-дан 100 АЕК-ке дейін.

2026 жылы 1 АЕК – 4325 теңге.