Ақмола облысында сұмдық апат: Mercedes көпірден Қылшақты өзеніне құлап, 36 жастағы жүргізуші қаза тапты

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Ақмола облысының Зеренді ауданында адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы болды. Өзен ауылының маңындағы Қылшақты өзеніне Mercedes-Benz маркалы автокөлік көпірден құлап кеткен, - деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші Өзен ауылы бағытымен келе жатып, Қылшақты өзені арқылы өтетін көпірден өту кезінде рөлге ие бола алмай қалған. Соның салдарынан көлік көпірден өзенге құлаған.

Өкінішке қарай, 36 жастағы жүргізуші оқиға орнында бірден көз жұмды.

- Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жол апатының нақты себептері мен жағдайлары сотқа дейінгі тергеу барысында анықталатын болады, - дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Полиция өз кезегінде жүргізушілерге тағы бір мәрте жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

– Жүргізушілерден жол жағдайын ескере отырып, қауіпсіз жылдамдықты таңдауды, сондай-ақ көпірлер мен жолдың қауіпті учаскелерінде ерекше сақтық танытуды сұраймыз, – деп ескертті ведомство.

Полиция өкілдері жолдағы бір сәттік қателік орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін екенін еске салып, барлық жүргізушіні жауапкершілік пен сақтыққа шақырды.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы