Жаңа Конституция күшіне енді: Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді?

Жаңа Конституцияда елдегі басты билік органдарының міндеттері қайта бөлініп, жаңа институттар пайда болады. Бұл шаралар елдегі саяси тұрақтылықты заң жүзінде нығайту мақсатында жүзеге асырылмақ.

Қазақстанда 1 шілдеден бастап 15 наурызда өткен Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституция күшіне енді. Ата Заңда адам құқығын қорғау кепілдіктері күшейіп, жаңа билік институттары пайда болды, бірегей құқықтық нормалармен қатар алғаш рет ғылым, білім және цифрлық технологияларды дамыту елдің стратегиялық бағдары ретінде бекітілді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ата Заңның преамбуласында мәдениет және білім, ғылым мен инновация мемлекеттің басты құндылықтары ретінде бекітіліп отыр.

«Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жер¬ін¬де мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап, Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және кон-фессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құнды¬лықтарын бағдарға алып, табиғатты аялау қажеттігін мойындап, бейбітшілікке және барлық елмен дос¬тық¬қа ұмтылып, келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз», - деп жазылған преамбулада.

Адам құқығы мен бостандығы – Ата Заңның алғышарты

Жаңа Конституцияда «Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқығы мен бостандығы» екені нақты көрсетілген. Бұл норма құжаттың басты бағыт-бағдарын айқындайды. Атап айтқанда, азаматтардың қауіпсіздігі, жеке тұлғаға қол сұқпаушылық, цифрлық дәуірде жеке деректерді қорғау, сондай-ақ «Миранда ережесі» бекітілген. Сонымен қатар құжат сөз бостандығы, ғылыми, техникалық және шығармашылық еркіндік, интеллектуалдық меншік құқығын қорғау мәселелерін де қамтиды.

«Адам құндылығын мойындау нақты қорғау тетіктерімен қамтамасыз етілгенде ғана мәнге ие болады. Сондықтан жаңа Конституция тек қағидаттарды ғана емес, нақты құралдарды да белгілейді. Сот арқылы қорғану құқығы күшейтілуде және мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу міндеті мемлекетке толықтай жүктелуде. Азамат үшін бұл түсінікті жайт: егер оның құқықтары бұзылса, оларды қалпына келтірудің заңды жолдары бар. Құқықтық мемлекет дәл осы жерден – адамның өз құқығын қорғай алу мүмкіндігінен басталады», - деп түсіндірген еді Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.

Жаңа Конституцияда азаматтардың құқықтық кепілдігі барынша кеңейтілді. Мәселен бір құқықбұзушылық үшін бір адамды екі рет жауапқа тартуға заңмен тыйым салынады. Құжаттың негізгі құқықтар бөлімінде кінәсіздік презумпциясына айрықша мән берілген. Әр азаматқа өзінің құқығын барлық заңды тәсілмен, соның ішінде қажетті қорғану арқылы қорғау құқығы кепілдендіріледі.

– Конституцияда өзіне, жақындарына қарсы куәлік бермеу және өз кінәсіздігін дәлелдеуден бас тарту құқығы тайға таңба басқандай жазылуы қажет. Адам оқиға орнында ұсталған жағдайда да, кінәсін мойындап арыз жазса да, қоғам алдында бастапқыда «жазықсыз» деп саналуы тиіс. Сот оны айыпты деп танығанға дейін, – деген еді Артур Ластаев Конституциялық комиссия отырысында.

Мемлекеттік басқаруды жаңғырту

Жаңа Конституцияда елдегі басты билік органдарының міндеттері қайта бөлініп, жаңа институттар пайда болады. Бұл шаралар елдегі саяси тұрақтылықты заң жүзінде нығайту мақсатында жүзеге асырылмақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқаруды жаңғырту билік тармақтарының теңгерімі мен мемлекеттік институттардың тиімді өзара іс-қимылына негізделген жүйені қалыптастыруға бағытталуы тиіс екенін айтқан болатын.

Жаңа конституцияда Президенттің жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайланатыны туралы норма сақталған. Жасы 40-тан асқан, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, соңғы он бес жыл бойы Қазақстанда тұрақты тұрған, жоғары білімі бар және мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымдарда кемінде бес жыл еңбек өтілі бар Қазақстан азаматы ҚР Президенті лауазымына үміткер бола алады.

Вице-президент институты

Ата Заңның жаңа жобасындағы басты жаңалықтардың бірі – вице-президент институтының құрылуы. Вице-Президент Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Президент атынан өкілдік етеді, сондай-ақ Президент айқындайтын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады

Вице-президентті жалпы депутаттар санының көпшілік дауысымен білдірілген Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды.

«Вице-Президенттің өз өкілеттігі кезеңінде өкілді органның депутаты болып сайлануға, өзге де ақы төленетін лауазымды атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ саяси партияда болуға құқығы жоқ», - деп жазылған жаңа Конституцияда.

Бірпалаталы Парламент – Құрылтай 

Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – бес жыл.

Құрылтай – елдегі жоғары өкілді орган ретінде заңдар қабылдап, мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешеді. Президент қарсылық білдірген заңдарды қайта қарау, соғыс жариялау және бітім жасау мәселелерін шешу, Президент сайлауын тағайындаумен қатар республикалық референдум өткізуге бастамашылық ету құқығына ие.

Сондай-ақ Құрылтай жоғары мемлекеттік лауазымдарға тағайындауларды келіседі, Үкіметтің есептерін тыңдау және сенімсіздік вотумын білдіру арқылы оның қызметіне парламенттік бақылау жүргізеді. Бұған қоса комиссиялар құрып, парламенттік тыңдаулар өткізеді және республикалық бюджеттің орындалуын қадағалайды.

Құрылтай азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттері, салық және бюджет, сот жүйесі мен сот ісін жүргізу, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру, қоршаған ортаны қорғау, қорғаныс пен ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік рәміздер, халықаралық шарттар және өзге де маңызды мәселелер бойынша заңдар қабылдайды.

«Құрылтай жалпыұлттық деңгейдегі ашық диалог алаңы ретінде қызмет етіп, қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуы қажет. Бұл – азаматтардың дәйекті өтініштері міндетті түрде ескеріліп, нақты нормативтік құқықтық актілерді қабылдау арқылы мемлекеттік мекемелерге тиісті тапсырмалар берілуі керек деген сөз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Қазақстан халық кеңесі – халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік-кеңесші орган

Кеңес ішкі саясаттың негізгі бағыттары, ұлттық бірлікті нығайту және жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеу жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді. Сонымен қатар Құрылтайдың қарауына заң жобаларын енгізуге және жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынуға құқылы.

«Жүзеге асыру жоспарланып отырған реформаның негізгі мақсаты – өкілді институттардың рөлін күшейтіп, парламенттік бақылау тетіктерін кеңейтетін теңгерімді президенттік республика моделіне көшу. Өкілеттіктерді қайта бөлудің бірінші маңызды қағидаты – тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін нығайту. Жаңа Конституция өкілеттіктердің бір бөлігін заң шығарушы билікке беру арқылы бір мемлекеттік институтта биліктің шамадан тыс шоғырлануына жол бермеуді көздейді», - деп түсіндірді Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Нұрлан Бекназаров.

Сот шешімінсіз тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға заңмен тыйым салынады 

Жаңа Конституцияда тұрғын үйге қатысты маңызды әлеуметтік-құқықтық кепілдік нақты бекітілді. Ата Заңның 28-бабы 1-тармағында тұрғын үйден айыруға және одан шығарып жіберуге сот шешімінсіз жол берілмейтіні нақтыланып, жазылды.

28-бап 

1. Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға және шығарып жіберуге жол берiлмейдi. Тұрғын үйге басып кiруге, оны қарап-тексеруге, тiнтуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртiппен жол берiледi. 

2. Қазақстан Республикасында өз азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Тұрғын үй соған мұқтаж азаматтардың заңда көрсетiлген санаттарына заңда белгіленген нормаларға сәйкес берiледi.

Бұл нормаға сәйкес, енді азаматтарды сот шешімінсіз тұрғын үйінен айыруға немесе мәжбүрлеп шығарып жіберуге жол берілмейді. Сонымен қатар тұрғын үйге басып кіру, оны қарап-тексеру немесе тінту тек заңда белгіленген ерекше жағдайларда және қатаң құқықтық тәртіп сақталған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Аталған норма қазақстандықтардың жеке өмірі мен баспана қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Неке және отбасы: ана, әке және бала – мемлекет қорғауында

Ата Заңның жаңа редакциясында неке институтын нығайтуға, ата-ана жауапкершілігін арттыруға және бала құқығын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа ережелер енгізіліп отыр. Бұл – отбасы құндылығын сақтау мен нығайтуға, сондай-ақ азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғауға бағытталған маңызды норма.

30-бап

1. Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады.

2. Неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы.

3. Балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру – ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi.

4. Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi.

Дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылды

Жаңадан күшіне енген Конституцияда дін мемлекеттен бөлек екені заңмен бекітілді. Осылайша елдегі барлық діни ұйымның қызметі заңмен реттеліп, конституциялық құрылыстың негіздерін қорғау, адам құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету, ұлттық қауіпсіздікті сақтау, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығын және қоғамдағы адамгершілік қағидаттарды қорғау мақсатында заңмен шектелуі мүмкін.

− Жаңа редакциядағы Конституцияның 5-бабында «Дін мемлекеттен бөлек» деп анық жазылған. 30-бапқа «Рухани-діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының ұйымдары мен мекемелерінде білім мен тәрибе беру жүйесі зайырлық сипатқа ие» деген жаңа норма қосылып отыр. Мұның барлығы мазмұны жағынан да, мағына жағынан да өте маңызды шешім, − деп нақтылаған еді Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин.

− Жаңа Конституция жобасында дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылып, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты айқындалған. Білімнің зайырлы болуы көпконфессиялы қоғам үшін жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді, - деді Вице-премьер - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Президент Жаңа Конституцияның күшіне енуі ең алдымен елдегі мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталып отырғанын айтты.

– Бәріңізге белгілі, ертең мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту жұмысы ресми түрде бастау алады. Мұны кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды. Себебі, бұл – еліміз үшін мүлде жаңа тарихи кезең басталады, яғни мақсаты да, мағынасы да мүлде бөлек, бұрын-соңды болмаған өзгерістер іске асады деген сөз. Басқаша айтсақ, біз қазақ мемлекеттігінің «ғимаратына» күрделі жөндеу жүргізуді көздеп отырмыз. Біз ел Тәуелсіздігінің мызғымас тұғыры мен іргетасын көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре түсуге міндеттеміз, - деп нақтылады Президент Парламенттің бірлескен отырысында.

Осылайша бүгіннен бастап 15 наурызда өткен Жалпыхалықтық референдум нәтіижесінде қабылданған жаңа Конституция күшіне енді. Ата Заңның жаңа редакциясындағы нормалар ең алдымен халықтың әл-ауқатын арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуды көздейді.