Иран АҚШ базаларына соққы жасады: Трамп қатаң мәлімдеме жасады

АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс қайта ушықты.

АҚШ Орталық қолбасшылығы Иранның әскери барлау, байланыс, әуе қорғанысы жүйелері, дрон қоймалары мен мина орналастыру нысандарына соққы жасағанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұған жауап ретінде Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы Кувейт пен Бахрейндегі АҚШ-тың сегіз әскери нысанына зымырандар мен дрондар арқылы шабуыл жасағанын хабарлады. Иран тарапы алдағы кез келген соққыға «күйрете жауап берілетінін» ескертіп, атысты тоқтату режимінің бұзылуы келіссөздердің тоқтауына әкелетінін мәлімдеді.

Екі ел арасындағы шиеленіс соғысты тоқтатуға бағытталған уақытша келісімге қарамастан күшейіп отыр. АҚШ президенті Дональд Трамп қажет болған жағдайда әскери әрекетті жалғастыруға дайын екенін айтып, «мұндай жағдайда Иран Ислам Республикасы өмір сүрмейді» деп мәлімдеді.

Әзірге Кувейт пен Бахрейндегі америкалық әскери нысандарға жасалған шабуылдардан қаза тапқандар немесе ірі шығын туралы ақпарат жарияланған жоқ.