Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың жаңа тетігі енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның айтуынша, Бірыңғай үйлестірушінің басқаруымен бағаны тұрақтандыру тетіктерін орталықтандырылған түрде іске асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ цифрлық платформа негізінде өнімді өндірушіден тікелей сатып алып, қоймалардан бөлшек саудаға делдалсыз жеткізетін оператор құру көзделген.
Жаңа жүйе нарықты маусымға қарамастан тұрақты қамтамасыз етуге, делдалдар санын азайтуға және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуге бағытталған.
Бұдан бөлек, бағаны тұрақтандыру құзыретін Ауыл шаруашылығы министрлігінен Сауда және интеграция министрлігіне беру жоспарлануда. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша өндіріс пен тұтынудың индикативтік балансын енгізу ұсынылып отыр. Бұл тапшылық қаупі бар тауарларды алдын ала анықтап, бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.