Даңқты туынды Елордаға келді

Кейбір шығармалар ғасырлар алмасса да, құндылығын жоғалтпай, әр дәуірде жаңаша оқылып, әр ұрпақпен қайта тілдеседі.

Виктор Гюгоның 1831 жылы жарық көрген «Париж Құдай-ана соборы» романы осындай мәңгілік туындылардың қатарында. Француз әдебиетінің гауhартасына айналған шығармада көтерілген махаббат, жалғыздық, әділетсіздік пен қоғамның қатыгездігі секілді мәселелер бүгінде де адамзатты толғандыруда. Арада екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, романның көркемдік қуаты мен идеялық тереңдігі әлсірей қоймаған. Мұның жарқын дәлелі – 21 маусым күні «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында ұсынылған Ролан Пети қойған әйгілі «Париж Құдай-ана соборы» балеті.

Бұл балет алғаш рет 1965 жылы 11 желтоқсанда Париж опе­расында сахналанған. Му­зыкасын француз композиторы Морис Жарр жазса, либреттосы мен хореографиясын ХХ ғасыр балет өнерінің көрнекті тұлға­сының бірі Ролан Пети әзірледі. Қойылымның декорациясын Рене Аллио жасап, костюмдерін сән әлемінің аңызы Ив Сен-Лоран дайындаған. Алайда спектакльдің құндылығы тек осы атақты есімдердің бас қо­суында емес. Ролан Пети Гюго романының көпке таныс сю­жетін сахнаға сол күйінде кө­шіруді мақсат етпеген. Кері­сінше, ол шығарманың траге­дия­лық өзегін тереңірек ашып, оқиғаның негізгі салмағын Эс­меральдадан Квазимодоның тағдырына аударуды жөн көр­ген. Оның интерпретациясында сыртқы сипаты үшін қоғамнан шеттетілген қоңыраушының ішкі әлемі, махаббатқа, мейірім мен достыққа деген құлшынысы алдыңғы қатарға шығады.

Балет басталған алғашқы минуттардан-ақ көрермен ор­тағасырлық Париждің қарбалас тіршілігінің ортасына еңеді. «Ақымақтар мерекесін» той­лауға жиналған жұрт ең ұс­қын­сыз адам, Квазимодоны «Ақы­мақтар папасы» етіп сайлап, оны күлкі мен кекетудің ны­санына айналдырады. Осы тұста балеттің негізгі ойы ашыла бас­тайды. Квазимо­доның траге­диясы бүкір де­несінде емес, оны сыртқы кел­бетіне қарап бағалап, адам­дық болмысын көруден бас тартқан қоғамның көзқарасында жа­тыр. Оқиға өрбіген сайын қо­йылым адамның шынайы қа­дір-қасиеті мен сыртқы бей­несі, қоғамдық пікір мен ақи­қат, қа­тыгездік пен мейірім арасын­дағы қайшылықтарды тереңірек аша түседі. Осы тар­тыстың ара­сында Эсмераль­даның Ква­зи­модоға танытқан қарапайым жанашырлығы оның ішкі дү­ниесін өзгерткен күшке айна­лып, қоғам құбы­жық деп қа­былдаған жанның жүрегінде мейірім, адалдық пен шынайы махаббатты оятады.  

Қойылымның ең үлкен же­тістігінің бірі – сөзсіз сөйлей алуында. Балетте кейіпкерлер өз сезімін диалогпен емес, қозға­лыс пен эмоция арқылы жет­кі­зеді. Әсіресе, Квазимодо бейнесі көрерменге ерекше әсер қал­дыр­мауы мүмкін емес. Кейіп­кердің бүкірейген тұлғасы, ауыр қимылдары мен айналасына үрке қарауы оның жан дүние­сіндегі жалғыздық пен қор­ғансыздықты айқын аңғартады. Бір қызығы, орындаушы бұл образды сыртқы атрибуттардың көмегінсіз сомдаған. Сахнада Квазимодоның дене кемістігін көрсететін арнайы жасалған бүкір немесе көлемді костюмдік шешім қолданылмаған. Соған қарамастан, әртіс кейіпкердің сырт келбетін түгелдей би мен пластика тілі арқылы жасап шықты. Иықтың төмен түсуі, қозғалыстың ауырлығы мен тепе-теңдіктің әдейі бұзылуы көрерменге кез келген атрибут­тардан әлдеқайда терең әсер етті. Қойылым өрбіген сайын Квазимодоның пластикасы да өзгере бастайды. Эсмеральдаға деген сезім, оның бойынан көрген мейірім мен жанашыр­лық кейіпкердің ішкі әлеміне сәуле түсіргендей. Бір кездері бүк түсіп жүрген адамның қоз­ғалысынан сенім мен қайсар­лықтың нышаны байқалады. Бұл өзгеріс бірде-бір сөз айтыл­маса да, анық сезіледі. 

Балеттегі тағы бір маңызды кейіпкер – Клод Фролло. Оның бойындағы екіжүзділік пен би­лікке деген құштарлық траге­дия­ның басты себептерінің бі­ріне айналады. Қараңғы ішкі әлеміне қарамастан, ол – көп­тің сүйіспеншілігіне бө­ленген, қоғам пікірін қалып­тастырушы жан. Халық оған кіршіксіз сенім артып, пір тұ­тады. Ал оның айтқан әрбір сөзі ақиқат ретінде қабылданады. Тап осы тұста қойылымның бү­гінмен үндестігі байқа­лады. Орта ғасырдағы халықтың Фрол­лоның сөзіне еш күмәнсіз сенгені сияқты бүгінде де ел белгілі бір тұлғалардың пікірін ақиқат ретінде қабыл­дауға бейім. Әлеуметтік желі­лерде бло­герлердің, танымал адамдардың немесе қоғамдық пікір көш­басшыларының бір ауыз сөзі мыңдаған адамның көзқарасына ықпал етеді. Бұрын жұрт алаңға жиналып үкім шы­ғарса, қазір бұл процесс экран­ның ар жа­ғында жүзеге асып жатыр. Адамдар көбіне оқиға­ның мә­ніне үңілуден гөрі көп­шілік пікіріне қосылуға асы­ғады. Біреуді ақтау да, айыптау да оңай. Ал ақиқат көбіне сол шу мен ақпарат тасқынының ара­сында қалып қояды.

Астана Опера ұжымы қойы­лымның идеялық өзегін кө­рерменге үлкен шеберлікпен жеткізе білді. Сахнадағы балет әртістерімен қатар оркестр мен хордың үйлесімді жұмысы қо­йылымның эмоционалдық қуа­тын еселей түсіп, әр көрініске тереңдік пен әсер дарытты. Музыка мен бидің мінсіз үйле­сімі көрерменді шығарма әле­міне жөнелтіп, оқиға желісінен бір сәтке де ажырауға мүмкіндік бермеді.   

«Париж Құдай-ана собо­ры» – адам табиғаты, қоғамдық үкім, мейірім мен қатыгездік жай­лы терең ой қозғайтын ба­лет. Кей қойылым аяқталы­сы­мен, көрермен залдан асыға шығып, әсерін сол сәтте-ақ ұмыта бастайтын болса, кейбір туындылар сахна шам­дары сөнгеннен кейін де кө­рер­мен санасында ұзақ уақыт бойы сөнбей, терең ойларға жете­лей­ді. Астана Опера мемлекеттік опера және балет театры сах­налаған «Париж Құдай-ана со­боры» дәл сондай қойылым­дардың қатарынан орын тапты. 

Данажан АМАНГЕЛДИНА,

ЕҰУ-дың 2-курс студенті