Әлемнің әр нүктесіндегі прокси-майдандар, қаржылық қақтығыстар, технологиялық текетірестер, қайта қарулану жарысы геосаяси жағдайды жар басына әкеп тіреді. Адамзат ескі ережелердің күші жойылып, жаңасы әлі жазыла қоймаған өліра кезеңде тұр.
Бәзбір сарапшылар үшінші дүниежүзілік соғыс ресми жарияланбаса да, баяғыда басталып кеткен деп санайды. Жер шарын шарпыған алапат шайқас майдан даласында ғана емес, банк саласында, микрочип нарығында, ақпарат кеңістігінде де жүріп жатыр. Алпауыттар алауыздығы сонау тереңнен тамыр тартады. Қырғи-қабақ соғыста социализм лагерін тізе бүктіріп, жаһанды жарты ғасырдай билеп-төстеген либералдық тәртіптің дәурені озып барады. АҚШ үстемдігіне байланған бірполярлы жүйенің орнына басқа да ойыншылар бас көтерген көпполярлы заңдылық орнады. Батыстың ғаламдық ЖІӨ-дегі үлес салмағы салыстырмалы түрде азайып, Азия-Тынық мұхиты аймағының, дамушы елдердің экономикалық өсімі халықаралық тепе-теңдікті өзгертіп жіберді. Америка мен Еуропаның әскери, ғылыми, технологиялық әлеуеті бұрынғыдай бір қолда шоғырланбай, әлемнің әр қиырына тарауы әдепкі нәрсеге айналды. БҰҰ, НАТО, ЕО-ға балама есебінде құрылған АСЕАН, ШЫҰ, БРИКС+ сияқты жаңа бірлестіктердің ықпалы артты. Өңірлік державалар ешкімнің нұсқауына көнбей, ұлттық мұраттарына сай тәуелсіз саясат ұстануға бет бұрды. Сондықтан ғалымдар көзге көрінбейтін үшінші дүниежүзілік соғыс туралы гипотезаны академиялық тұрғыдан жоғары деңгейде негізделген деп бағалайды. Өйткені бірполярлы гегемонияның белгілі дәрежеде жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз еткені рас. Ал көпполярлы құрылым өз болмысында аумалы-төкпелі тұрақсыздыққа бейім келеді. Чикаго университетінің профессоры Джон Миршаймер шабуылдаушы реализм теориясына сүйеніп, геосаясатта бай-қуаттылар бәсекесі ешқашан тоқтамағанын әрі тоқтамайтынын ескертеді. Оның ойынша, бүгінгі АҚШ, Қытай, Ресей арасындағы текетірес бұған дейін де болған, бұдан кейін де бола береді. Тарихтан хабардар оқырман халықаралық қатынастардың анархиялық табиғатын білуге тиіс. Либералдық трендтерді талдаушы Фарид Закарияның пайымы да осы ауқымнан ауа жайылмайды. Ғалымның пікірінше, Батыс монополиясы әлсірегендіктен, дүниенің түкпір-түкпірінде ревизионистік күштер жалын күдірейтіп, ескі ережелерді қайта жазуға кіріскен. Әйгілі экономист Нуриэль Рубинидің тұжырымына сенсек, адамзат геосаяси фрагментация дәуіріне қадам басқан. Бөлшектенген әлемде соғыс да бөлшектенген сипат алады. Жаһандық апат біз күткендей бір мезетте ядролық жарылыстан тұтанбайды, керісінше, прокси-қақтығыс, қаржылық санкция, технологиялық блокада, кибершабуылдар тізбегі арқылы біртіндеп жалқыдан жалпыға ұласуы мүмкін. Мұндай гибридті соғыстың мақсаты – қарсыластың ресурс қорын сарқып, инновациялық дамуын тежеп, халықаралық тәртіпті өз пайдасына қарай ыңғайлау. Яғни Украинадағы ұрыстар мен Таяу Шығыстағы тартыстарды бір-бірінен оқшау оқиғалар деп ойласақ, жаңсақтыққа ұрынамыз. Оларды біртұтас майданның өзара матасқан құрамдас бөліктері деген дұрысырақ.
Мысалы, Иран дағдарысы Парсы шығанағымен шектелмей, аймақ шеңберінен асып, әлемдік сауда-саттық, энергетика және макроэкономикалық тұрақтылыққа нақты қатер төндірді. Былайша айтқанда, бұл соғыс – бір тарапта АҚШ пен Израиль одағы, екінші тарапта Иран, Қытай, Ресей полюсі тұрған тура мағынасындағы прокси-тайталас. Өрмекшінің торындай шым-шытырық шиеленісте әркім өз қамын өзі күйттейді. Иран ең алдымен өз қоластындағы жергілікті күштер желісін сақтап қалуға тырысады. Ливандағы Хезболла, Йемендегі хуситтер, Сирия мен Ирактағы шиғалық топтардың арқасында АҚШ пен Израильді бөгейтін буфер құруды көксейді. Санция қыспағына қарамастан, уран байыту жұмысын жалғастырып, ядролық қалқан құрып, дербес держава мәртебесін иеленуді мақсат тұтады. Израиль классикалық «Бегин доктринасын» (жаудың ядролық әлеуетін алдын ала соққымен жою) жүзеге асыруға мүдделі. Тель-Авив бұдан былай Тегеранның прокси-жасақтарымен үнемі шайқасуды тиімсіз деп танып, салдармен емес, себеппен күресетін стратегияға ауысты. ЦАХАЛ енді Ислам революциясы сақшылар корпусына тікелей шабуыл жасаудан тайынбайды. Израиль Таяу Шығыстағы бейресми ядролық монополиясын қызғыштай қориды. Сауд Арабиясы мен БАӘ секілді сүнниттік араб монархияларымен «Авраам келісімдері» аясында Иранға қарсы өңірлік коалицияны кеңейтуге ұмтылады. АҚШ бұл қақтығыста бірнеше мәселені бірден шешуге талпынды. Біріншіден, Израильдің қауіпсіздігін қорғап, Парсы шығанағы елдерінің алдындағы одақтастық міндеттемелерін орындау. Екіншіден, Таяу Шығыс энергетикалық ресурстарының Батыс нарығына кедергісіз өтуіне жол ашу. Үшіншіден, Қытай мен Ресейдің аймақтағы ықпалын төмендетіп, Вашингтонның жаһандық жандарм ретіндегі рөлін бекіту. Қытай мен Ресей өз кезегінде Иранды Батысқа қарсы геосаяси қалқан деп көреді. Украинадағы созылмалы соғыспен қатар Таяу Шығыста екінші майданның ашылуы Кремльдің қолайына жағады. Себебі АҚШ пен Еуропаның әскери-қаржылық ресурсы жан-жаққа шашыраса, Киевке құйылатын көмек көлемі ортаяды. Қытай үшін Иран – «Бір белдеу, бір жол» жобасының транзиттік хабы, Батыс эмбаргосына бағынбайтын арзан мұнайдың көзі. Бейжің Иранның қолымен АҚШ-ты қалжыратып, Тайвань төңірегіндегі өз позициясын нығайтпақшы. Қысқасы, бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Батыстың Ресейге салған санкциялары Мәскеуді Пекинмен, Тегеранмен, Пхеньянмен әскери-техникалық одақ құруға итермеледі. Иран дрондары мен Солтүстік Кореяның снарядтары Еуропа майданында қолданылса, Ресейдің ядролық және зымырандық технологиялары бұл елдердің Батысқа қарсы тұру қабілетін жақсартады. Қытай осы жүйенің қаржылық һәм технологиялық тылы ретінде астыртын қимылдайды. Батыс әлемі Украинаға жәрдемдесіп, Ресейді ресурс жағынан тақыл-тұқыл сарқуды көздейді. Қызыл теңіздегі хуситтер диверсиясынан, Ормуз бұғазындағы әрі-сәрі күйден теңіз сауда жолдары бұғатталып, Еуропа экономикасы зардап шегуі ықтимал.
Жаһандық бөлшектену үрдісінің мұнымен толастайтын түрі жоқ. Вашингтон НАТО-дағы міндеттемелерінен бас тартатынын мәлімдеп, Еуропаны амалсыз әскери автономияға мәжбүрледі. Еуропалық армия жасақтау идеясы қайта жанданып, Батыс лагері екі қарулы полюске бөлінетін сыңайлы. Біріншісі англо-саксондық AUKUS блогы болса, екіншісі – өз қотырын өзі қасуға көшкен ЕО. Ақ үйдің сыртқы саясаты «АҚШ – Еуропаның қауіпсіздік кепілі» деген қағиданың күлін көкке ұшырды. Трамп әкімшілігі еуропалық одақтастарынан әскери шығындарды ЖІӨ-нің 5 пайызына дейін жеткізуді талап етіп отыр. 2024 жылы Еуропа елдерінің көбі 2 пайыз межесін әрең еңсергенін ескерсек, жаңағы 5 пайыз әзірше орындалмайтын талапқа ұқсайды. Дональд Трамтың болжаусыз саясаты Еуропа Одағын «Стратегиялық автономия» доктринасын қабылдауға мәжбүрледі. Аталмыш бағдарлама Кәрі құрлықтың ұжымдық қорғанысын АҚШ әскери-өнеркәсіп кешеніне кіріптарлықтан құтқармақ. Әсіресе онда Франция, Германия, Польшаның рөлі маңызды. «Веймар үштағаны» деген жоспар бойынша Париж – идеологиялық және технологиялық орталық. Макрон мырза «Еуропа өз қаруын өзі өндіруі керек» деген пікірді ұстанады. Германия – қаржылық локомотив. Берлин тарихи пацифистік позициясынан теріс айналып, қорғаныс шығындарын шектейтін бюджет ережелерін конституциялық деңгейде белден басатын тетіктер тауып, Еуропадағы ең ірі әскери инвестор болмақ. Польша – Ресеймен шектесетін алғы шептегі бекініс. Варшава Шығыс Еуропаны қорғаудың нақты кепілдіктерін сұрап, еуропалықтарды бейқамдықтан арылуға шақырудан шаршамайды. НАТО-дағы бөлініс альянстың түбегейлі ыдырауына әкелмегенімен, көпполярлы әлемнің Батыс лагерінде де жаңа күштер қалыптасып жатқанын аңғартады. Вашингтон мен Брюссельдің әскери-стратегиялық ажырасуына екі үлкен себеп айтылады. АҚШ еуропалықтардың қаруды тек өз ішінде өндіру саясатына наразы. Пентагон Lockheed Martin, Raytheon өнімдерін сатып алатын ЕО нарығын жоғалтуға құлықсыз. Еуропалықтар да «АҚШ-тан қару сатып алып, америкалық жұмыс орындарын қаржыландыруды доғарайық» деп дабыл қағады. Сондай-ақ қазір АҚШ-тың негізгі назары Индо-Пацифик аймағында Қытайды ауыздықтауға ауып кетті. Вашингтон үшін Еуропа – екінші дәрежелі майдан. Ал ЕО дәл іргесіндегі Украина соғысын өмір мен өлім мәселесі деп қарастырады.
АҚШ пен Қытай текетіресі Тайвань аралының айналасындағы дау-дамай ғана емес. Мұнда тым терең макроэкономикалық, құрылымдық, технологиялық, өркениеттік тайталас бар. Вашинтонның саяси элитасы Қытайды кешегі КСРО-дан да асып түсетін қауіпті қарсылас деп қабылдайды. Неге десеңіз, Қытай ЖІӨ-нің сатып алу қабілетінің паритеті жөнінен тарихта тұңғыш рет АҚШ-ты басып озды. Тіпті қатты бір дәуірлеген жылдарында КСРО мен Жапония да америкалық экономика көлемінің 40-60 пайызынан аспайтын. Бейжіңнің коммерциялық жоғары технологияларды (ЖИ, кванттық есептеулер, биотехнология) қорғаныс секторына енгізу саясаты Пентагонды уайымға батырды. АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі Қытайдың 2027 жылға бекіткен армияны толық «интеллектуалды трансформациялау» мақсатын Азия-Тынық мұхитындағы әскери теңгерімді бұзатын әрекет деп айыптайды. Бейжің Батыстың либералдық үстемдігін ысырып тастап, пост-батыстық, көп-полярлы әлемдік тәртіп орнатуға бейіл. Күндердің бір күнінде Тайваньді қайтарса, Тынық мұхитына сұғына кіріп, АҚШ-тың Гуам аралы мен Жапониядағы әскери базаларына тұмсығын бір-ақ тірейді. Сонымен бірге Тайваньның технологиялық құндылығы да Ақ үйді алаңдатады. Жер бетіндегі микрочиптердің 90 пайыздан көбі Тайваньда шығарылады. Бұл өндіріс Қытайдың бақылауына өтсе, дүниежүзіндегі автокөлік, смартфон, әскери-ғарыш техникасын жасау саласын да Бейжің қадағалайды. АҚШ, әлбетте, мұндай қауіпке бас тігуден де, бәс тігуден де қорқады. Американың Қытайға қойған технологиялық блокадасы осындай қисыннан туған. Осының бәріне сирек жер металдарына талас, ЖИ бағытындағы бәсеке, долларды жаһандық валюта айналымынан ығыстыру саясаты, SWIFT жүйесін mBridge жобасымен алмастыру сынды қайшылықтарды қоссақ, өркениеттер қақтығысы дегеннің құр теория еместігін анық аңдаймыз. Бірақ бұлардың әрқайсысы – арнайы мақалада талқылауға лайық тақырыптар.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ