Кітап оқитын ұлт: оқырман санын 100 мыңға жеткізу жоспарлануда

Алматы облысы мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында іске асырылуда.

Жоба бойынша өңірдегі кітапханалар, мәдениет және білім беру ұйымдары арқылы бірлескен жобалар мен іс-шараларды ұйымдастыру, жастардың интеллектуалдық және рухани дамуына ықпал ететін бастамаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры былтыр шілде айында құрылып, жұмысын бастаған. Былтыр Қарағанды, Қос­танай облыстары мен Шымкент қаласында алғашқы ағартушылық жобаларын жүзеге асырды. Нәти­жесінде 190 мыңға жуық адам кітап оқу дағдысын қалыптастырған. Биыл олардың санын 1,5-2 млн-ға арттыру көзделуде. Ал Алматы облысында 100 мыңнан аса адамды қамту жоспарланған.

Шараға қатысқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениеті мен кітапхана ісін дамыту мәселесіне ерекше мән беріп отырғанын атап өтті. Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде облыста 145 кітапхана жұмыс іс­тейді. Олар 71 мыңнан астам оқыр­манға қызмет көрсетуде. Жалпы кітап қоры 2,7 млн-нан асады. Кі­тапханалар жанында коуоркинг орталықтары, клубтар мен үйірме­лер жұмыс істеп, жастардың шы­ғар­машылық және зияткерлік дамуына жағдай жасалуда.

«Биыл Ұйғыр аудандық кітап­ханасы, Қарасай ауданындағы Жан­досов ауылдық кітапханасы және Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылдық кітапханасы жаң­ғыртылып, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта тағы екі кі­тап­хананы жаңарту жоспарланған.

2023 жылдан бастап барлық ау­дандық кітапхана САБ ИРБИС-64+ бағдарламасына көшірілді. Бүгін­де электрондық каталогқа және элек­трондық кі­тапхана қорына 1,9 млн-нан астам библиографиялық жазба енгізілді. Сондай-ақ KazNEB плат­фор­ма­сына 1 943 кітаптың цифрлық нұс­қасы жолданды. Облыс бойынша қоғамдық орындарға 786 KazNEB QR-коды орналастырылып, 82 мың­нан астам электрондық кітап­ты пайдалану мүмкіндігі жасалды», – деді Марат Елеусізұлы.

Жиын барысында аталған қо­ғам­дық қордың төрағасы Бақытжан Тұр­лыбеков жобаның мақсаты мен ат­қа­рылған жұмыстары жайлы баяндады.

«Кітапхана кітап сақтайтын орын емес, бұл – адамдар білім алып, таным-түсінігін тереңдететін рухани орда. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан жоба аясында кітапханаларға оқырманды тарту және кітап оқу мәдениетін қа­лыптастыруға ерекше көңіл бө­лінуде. Біздің басты мақсат­та­рымыздың бірі – кітапханаларды оқырманға толтыру. Жұмыс бары­сында халықтың кітап оқуға ықы­ласы жоғары екенін байқадық. Әуелде әр аймақтан 25-30 мың адам қатысады деп ойлағанбыз. Бірақ нәтиже біз ойлағаннан да жақсы болды. Жобаға 190 мыңға жуық адам қатысса, оның 104 мың­нан астамы ұсынылған 15 кітапты толық оқып бітірген. Бұл тест нәтижесінде белгілі болды.

Біз 7 бағыт бойынша жұмыс істейміз. Соған сәйкес, мектеп оқу­шыларын, колледж бен универси­тет студенттерін, сондай-ақ педа­гогтерді, жеке әулеттерді, мем­ле­кеттік қызметшілер мен спорт­шы­ларды кітап оқуға баулимыз. Мә­селен, мектеп оқушылары жас ерек­шеліктеріне қарай 5 топқа бө­лінген. Әр топқа оқуға тиіс 15 кі­тап­тан ұсынылған. Дәл осылай орыс сыныптарына да бөлек тізім жасалған. Оның ішінде бесеуі – қазақстандық авторлардың шы­ғармалары, бесеуі – Батыс, ал қалған бесеуі – Шығыс авторла­рының кі­тап­тары. Бұл сыни ой­лауды қа­лып­тастыруда өте ма­ңыз­ды. Яғни мек­теп оқушыларына арналған бағыттың өзінде ғана 150 кітаптың тізімі бекітілген», – дейді Бақытжан Тұрлыбеков.

Шара қорытындысында екі­жақты меморандумға қол қойы­лып, қос тарап бірлесіп жұмыс іс­теуге уағдаласты. Осыған орай Ма­рат Елеусізұлы облыстық Мәде­ниет, архивтер және құжаттама, Ішкі саясат, білім және жастар саясаты басқармаларына арнайы міндеттер жүктеді. Өңірде кітап оқу мәдениетін дамыту, халықтың, әсіресе балалар мен жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оқырман қауымдастығын қалыптастыру және бірлескен мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асыруда қарқынды жұмыс істеу керегін баса айтты.

Қоғамдағы кеселдің көбі ру­хани тоқыраудан болады. Ал адам­ды кемелдік пен терең пайымға же­те­лейтін басты құрал – кітап. Сон­дық­тан аталған бастама шы­ғарма оқу­мен ғана шектелмейді. Бұл қо­ғамдағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететін маңызды жоба болмақ.

Әмина МҰХАНБЕТ