Парламент бюджет есебін бекітті

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті.

Іс-шараға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Премьер-министр Олжас Бектенов және Министрлер кабинетінің басқа да мүшелері қатысты. Депутаттар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін тыңдап, бекітті.

Жиын барысында Қаржы мин­истрі Мәди Такиев пен Жо­ғары аудиторлық палатаның төр­ағасы Әлихан Смайылов баян­дама жасады.

Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл қосымша баяндамасында Үкімет­тің макроэкономикалық тұрақ­тылықты сақтап, экономиканың 6,5% өсуін қамтамасыз еткенін атап өтті. Сонымен қатар алғаш рет ЖІӨ-дегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі тау-кен өндіру секторының үлесінен (11,9%) асып түсіп, 13%-ды құрады. Дегенмен, оның айтуын­ша, күрделі сын-қатерлер әлі де сақталып отыр.

– Жыл қорытындысы бо­йын­ша инфляция деңгейі 12,3%-ға жетіп, болжанған меже­ден едәуір асып түсті. Номиналды табыс­тар­дың өскеніне қара­мастан, азамат­тардың шығыс­тарының елеулі бөлігі бұрын­ғыдай азық-түлікке және қарыз мін­деттемелерін өтеу­ге жұмсалу­да,  – деді депутат.

Депутат сондай-ақ республи­калық бюджеттің негізгі пара­метр­лері жалпы алғанда атқарылғанын, бірақ есептерді талдау бірқатар жүйелі проблеманың бар екенін көрсететінін атап өтті. Олардың қатарында – салық түсімдеріне қатысты болжамдардың орын­дал­мауы, бюджеттің Ұлттық қордан берілетін трансферттерге тәуелді­лігінің жоғары деңгейде сақталуы, мемлекеттік қарызды өтеу құны­ның өсуі және басқалары бар.

Бұдан бөлек, жыл бойы бюджет сегіз рет түзетілген. Депутаттың ай­туын­ша, бұл бюджеттік жоспар­лау сапасының төмендігін көрсе­теді. Нәтижесінде, бюджеттен 75 млрд теңге сомасына 99 бюджеттік ин­вес­тициялық жоба алынып тастал­ған.

Сонымен қатар Сенат депу­­та­ты Нұрлан Бекенов те қосымша баян­дама жасады.

Талқылау барысында Мәжілістің Қаржы және бюд­жет комитетінің төрағасы Та­тьяна Савельева жаңа Салық кодексінің нормалары күші­не енгенін ескере отырып, кәсіп­керлік санаттары бөлінісінде салық түсімдеріне мониторинг жүргізу қажеттігі туралы мәсе­ле көтерді. Ол 2025 жылы са­лық түсімдерінің ең жоғары өсім динамикасы шағын және микробизнеске тиесілі екенін (29,8% және 27,5%), ал ірі биз­нес саласында өсім айтар­лық­тай төмен болғанын (9,4%) атап өтті. Комитет басшысының айтуын­ша, дәл осы көрсеткіш­тер алда­ғы уа­қыт­та жаңа салық ере­жел­ерінің кәсіпкерлікті дамы­­­туға және бюджеттің кіріс база­сына әсерін объективті бағалауға мүм­кіндік береді.

Депутаттар сондай-ақ отан­дық IT-компаниялардың шет­ел­ нарығындағы қызметінің нәти­же­леріне, цифрлық эконо­ми­ка­ны дамытуға және елімізде іске асырылып жатқан IT-жоба­лар­дың маңыздылығына назар аудар­ды. Бұдан бөлек, шикі­зат­тық емес экспортты дамыту мен қосылған құны жоғары өнім шығаруды қамтамасыз ете ала­тын ірі индустриялық жоба­ларды іске асыру перспекти­ва­лары тал­қы­­ланды. Депутаттар 2026-2029 жылдарға арналған Кешенді жос­пар шеңберінде қан­ша азамат мемлекеттік қолдауға ие болаты­нын нақтылады. Утиль­деу алы­мы­нан түсетін қаражаттың мақ­сатты пайдаланылуы мәсе­лесіне де ерекше көңіл бөлінді.

Сонымен қатар респуб­ли­ка­лық бюджеттің атқарылуы тура­лы есептер бойынша Парла­менттегі алты саяси партияның фрак­циялары өз ұсынымдарын берді. «Ауыл», Respublica, ҚХП, «Ақ жол» және «AMANAT» пар­тия­лық фракциялары депутат­тардың ескертулерін назарға ала отырып, экономикалық қызмет­ке алдағы уақытта түзетулер ен­гізу шар­ты арқылы құжаттарды бекі­туді қол­дады. ЖСДП фрак­циясы Үкімет­тің есебін қолда­май, қарсы дауыс берді.

Отырыс қорытындысы бо­йын­­ша депутаттар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюд­жеттің атқарылуы туралы есеп­терін бекіту туралы шешім қа­был­дады. Парламент мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, анықталған проблемаларды шешу бойынша ұсынымдар әзір­леп, Үкіметке жолдады.