Семсерлесушілер – үздік үштікте

Үндістанның Дели қаласында өтіп жатқан семсерлесуден 2026 жылғы Азия чемпионатында командалық жарыстар басталды.

Қазақстандық қылышшылар құрлық біріншілігінде үшінші орын алып, ел қоржынына кезекті медаль салды.

Турнир барысында Қазақстан құрамасы Иранды (45:33) және Өзбекстанды (45:43) жеңді. Алайда жартылай финалда қазақстандық спортшылар Олим­пиада чемпиондары саналатын Оңтүстік Корея құрама­сына 34:45 есебімен есе жіберді. Нәтижесінде команда жарысты қола медальмен аяқтады. Жүлдегерлер қата­рын­да Артем Саркисян, Жанат Нәбиев, Нұрмұхаммед Жайлыбай және Назарбай Саттархан бар. Айта кетейік, бұған дейін осы чемпионатта шпагашы Ирина Бакалдина алтын медаль жеңіп алса, Руслан Курбанов қола жүлдегер атанған болатын.