Көрнекті ғалым Әлия Бейсенова дүниеден өтті

Бұл туралы Мқхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, академик
Кенжехан Матыжанов айтты.

Бүгін көрнекті ғалым, география ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик Серік Қирабаевтың жары Әлия Сәрсенқызы Бейсенова дүниеден өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Әлия Сәрсенқызы отандық география және экология ғылымдарының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, ғылым мен білім саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, парасат иесі еді. Ол кісі ұзақ жылдарға созылған ғылыми-педагогикалық қызметінде ұлттық ғылымның өркендеуіне еңбек сіңіріп, көптеген шәкірт тәрбиеледі, іргелі ғылыми еңбектерді жарыққа шығарды.

Әлия Сәрсенқызы қазақ әдебиеттану ғылымының абызы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Смайылұлы Қирабаевтың өмірлік жары, сенімді серігі болды. Саналы ғұмырларын ғылымды өркендетуге, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнаған ғалымдардың өмір жолы кейінгі буын үшін ұлтқа қызмет етудің өнегесі болып қала береді.

Әлия Бейсенова Әдебиет және өнер институтының ұжымына ерекше ықыласпен қарап, институттың әр жетістігіне қуанып, тілекші болып жүрді. Марқұмның парасатты болмысы мен мейірлі жүзі, Институт қызметкерлеріне көрсеткен қамқорлығы ұжым жадында мәңгі сақталады.

Осы ауыр қазаға байланысты Қирабаевтар әулетіне, туған-туыстары мен жақындарына, шәкірттеріне М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұжымының және Өзімнің атымнан қайғыра көңіл айтамын. Иманы саламат, жаны жәннатта болсын!-деді Кенжехан Матыжанов.