Елде туу көрсеткіші төмендеп, қарттар көбейді

Қазақстанда халық саны 20 миллионнан асқанымен, елдегі демографиялық құрылым біртіндеп өзгеріп келеді.

Бүгінде 65 жастан асқан азаматтар саны 1,9 миллионға жетіп, халықтың 9 пайызынан асты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Сарапшылардың болжамынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 14 пайызға жуықтайды.

Қарттардың көбеюі өмір сүру ұзақтығының артуымен қатар, туу деңгейінің төмендеуіне де байланысты. Соңғы жылдары Қазақстандағы жалпы туу коэффициенті бір әйелге шаққанда 3,05 баладан 2,57 балаға дейін төмендеді. Дегенмен демографтар өңірлік ерекшеліктер мен дәстүрлі көпбалалы отбасылардың сақталуы бұл үрдісті тежейтінін айтады.

Халықтың қартаюы ең алдымен еңбек нарығына әсер етеді. Жұмыс күшінің үлесі азайып, зейнеткерлер саны көбейеді. Бұл экономиканың өсу қарқынын баяулатып, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қосымша салмақ түсіруі мүмкін.

Туу көрсеткіші де қазір төмендеп келеді: 2022 жылы бір әйелге шаққанда 3,05 бала болса, 2025 жылға қарай 2,57-ге дейін азайған. Ал егде жастағы адамдардың үлесі артып келеді: қазір 65 жастан асқандар халықтың 9%-дан астамын құрайды, ал 2050 жылға қарай 14%-ға жуықтайды.

Сарапшылардың пікірінше, қарттарды тек әлеуметтік қолдау алушы ретінде емес, тәжірибесі мен білімін қоғам игілігіне жұмсай алатын белсенді экономикалық ресурс ретінде қарастыру қажет. Ол үшін еңбек нарығын бейімдеп, менторлық пен кеңесшілік бағыттарды дамыту маңызды.

Қазақстан әзірге әлемдегі ең қарт мемлекеттердің қатарына жатпайды. Алайда демографиялық өзгерістердің қарқыны елді жаңа әлеуметтік және экономикалық шешімдер қабылдауға мәжбүр етуі мүмкін.