Бұл жерде әңгіме экспорт кезінде осындай өнім бойынша есепке жатқызылатын ҚҚС сомасын 80%-ға азайтуды көздейтін Салық кодексінің 484-бабының нормасы туралы болып отыр. Жобалық кеңсе отырысының қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар үшін есепке жатқызылатын ҚҚС сомасын түзету қолданылмайды деген шешім қабылданды. Яғни Салық кодексінің 484-бабының осы нормасы жойылады. ҚҚС-ты қайтаруға қойылатын талаптардың негізділігі «пирамида әдісі» деп аталатын салықтық тексерумен расталады. Бұл тауар қозғалысының және салық төлеудің бүкіл тізбегін – ауыл шаруашылығы өндірушісінен экспорттаушыға дейін бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай тексерудің оң нәтижелері болған жағдайда экспорттаушы бұрын төленген ҚҚС-ты толық көлемде қайтара алады.
Бұл ұсыныс Салық кодексіне түзетулердің жалпы пакетіне енгізіліп, Құрылтайдың қарауына жіберілетін болады. Ол қабылданған жағдайда аталған өзгерістер жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілген күннен бастап ретроспективті түрде қолданылмақ.