Швеция мектептері iPad құрылғыларынан бас тартып, қағаз оқулықтарға оралып жатыр

Соңғы онжылдықта планшеттер, ноутбуктер, электронды оқулықтар мен онлайн платформалар болашақ мектептің негізі ретінде қарастырылуда. Алайда цифрлық білім берудің көшбасшысы саналатын мемлекеттер күтпеген шешім қабылдауға көшті.

Zmescience.com материалына сүйенген Aikyn.kz қайтадан қағаз оқулықтар мен қолмен жазуға көшудің себептерін түсіндіреді.

Швеция мектептерді қайтадан қағаз оқулықтарды қолдануға, қолмен жазу мен экран уақытын азайтуға көшіре бастады. 2023 жылы Швеция үкіметі бастауыш сыныптарда оқу, жазу және есептеу сияқты базалық дағдыларды күшейту бағдарламасын жариялады. Осы мақсатта мемлекет оқулықтар мен әдістемелік құралдар сатып алуға 83 млн доллар бөлді. Бұдан бөлек, көркем және ғылыми-көпшілік әдебиеттер қорын толықтыру үшін тағы 54 млн доллар инвестицияланды. Елдегі мақсат – әр оқушының әр пән бойынша жеке қағаз оқулығы болуы.

Бұл шешім кездейсоқ қабылданған жоқ. 2000-2012 жылдар аралығында швед оқушыларының оқу сауаттылығы, математика және жаратылыстану пәндері бойынша халықаралық тест нәтижелері тұрақты түрде төмендеген. Кейін қысқамерзімді жақсару байқалғанымен, 2022 жылы көрсеткіштер қайта нашарлаған.

Швед зерттеушілері мәселенің бір себебі ретінде шамадан тыс цифрландыруды атауда. Линней университетінің ғалымы Линда Фальттың пікірінше, қоғамда экран алдында өткізілетін уақыттың өсуі, терең оқуға қызығушылықтың төмендеуі, зейіннің әлсіреуі және қолжазба дағдыларының жоғалуы туралы алаңдаушылық күшейген. Сондықтан оқу, жазу және есептеу секілді іргелі қабілеттер алдымен қағаз арқылы қалыптасуы тиіс деген көзқарас қайта алдыңғы қатарға шықты. Зерттеулер де бұл пікірді қолдайды. Әсіресе, түсіндірмелік және ғылыми мәтіндерді экраннан емес, қағаздан оқу ақпаратты жақсы түсінуге және есте сақтауға көмектесетіні анықталған. Сонымен қатар цифрлық құрылғылар көздің шаршауын күшейтіп, балалардың назарын жиі бөледі.Дегенмен Швеция технологиядан толық бас тартып отырған жоқ. Білім министрлігі цифрлық құралдарды оқушылардың оқуына көмектесетін жаста ғана енгізу қажет деп есептейді. Яғни, мәселе технологияны жоққа шығаруда емес, оны өз уақытында және орнымен пайдалануда.

Белгілі психолог Джонатан Хайдт мектеп парталарына планшеттер мен ноутбуктерді жаппай енгізуді «білім беру тарихындағы ең қымбат қателіктердің бірі болуы мүмкін» деп бағалады.

Ал АҚШ-та 2024 жылы білім беру технологияларына жұмсалған қаражат 30 млрд долларға жетіп, оқулықтарға кеткен шығыннан 10 есе асып түскен.

Швеция тәжірибесі басқа елдерге де маңызды сабақ береді. Қазақ елінің білім беру органдары да цифрлық технологиялар білімнің мақсаты емес, құралы болуы керектігін ертерек түсінгені жақсы болар еді. Өйткені оқу мен ойлау қабілеті ең алдымен қағаз кітаппен жұмыс істеу, қағазға жазу және ұзақ уақыт зейін қою дағдылары арқылы қалыптасатынын ұмытпайық.