"Аулада ойнап жүрген": "Өскеменде жоғалған 3 жасар бала аман-есен табылды

Қас-қағым сәтте әже немересінен көз жазып қалған.

Кеше кешкісін Өскеменде жоғалып кеткен үш жасар бала табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Төтенше жағдайлар министрлігінің  мәлімдеуінше, оқиға 17 маусым күні болған. Кешкі сағат 17:19-да «102» жедел арнасына Өскемен қаласының тұрғынынан үш жасар немересінің жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен.

Өтініш иесінің айтуынша, бала үй ауласында ойнап жүрген. Қас-қағым сәтте әже немересінен көз жазып, белгісіз бағытқа кетіп қалғанын байқаған. Өз бетімен іздегенімен, оны таба алмаған. Содан полициядан көмек сұраған.

 – Хабарлама түскен бойда полицияның жеке құрамы баланы іздеуге бағытталды. Іздестіру  шараларына «Буран-20» экипажы – полиция аға лейтенанты Бақытбек Айдын мен қатардағы қызметкер Азат Әшімов дереу кіріскен. Полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында бала үйінен шамамен бір жарым шақырым жерден табылған. Бала зардап шекпеген және медициналық көмекті қажет етпеді,  – делінген баспасөз хабарламасында. 

Жағдай анықталғаннан кейін бала аман-есен туысына қайтарылды. Полиция ата-аналар мен заңды өкілдеріне жас балаларды үнемі бақылауда ұстау қажеттігін еске салады. Тіпті, қысқа мерзімге қараусыз қалдырудың өзі қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін.