Халықаралық инвестициялық форум өтті

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов V Ташкент халықаралық инвестициялық форумына қатысып, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің қабылдауында болды.

Кездесу барысында Олжас Бектенов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізі мен ізгі тілегін жеткізді. Екі ел арасындағы өзара іс-қимыл сенімге, өзара түсіністікке және бауырлас халықтар арасындағы берік достыққа негізделген стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың жарқын үлгісі екені атап өтілді. Екі мемлекеттің басшылары қол жеткізген уағдаластық­тардың көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін беріп отыр­ғаны айтылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда көлемі 16,2%-ға артып, $4,8 млрд-қа жетті. Биылғы қаңтар-сәуір айларында екіжақты тауар айналымы $1,9 млрд-ты құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 42,1%-ға артық. Кездесуде сауда-экономикалық бай­ланыстарды дамыту, өнеркәсіп ко­опера­циясын кеңейту, көлік-логистика саласындағы өзара ықпалдастықты ны­ғайту, сондай-ақ энергетика, су ресурстары және туризм салаларындағы ынтымақ­тастық мәселелеріне назар аударылды. 

Форум жұмысына Өзбекстан мен Албания президенттері, Әзербайжан, Бела­русь, Қырғызстан, Ресей Федерация­сы және Тәжікстан үкіметтерінің басшы­лары, сондай-ақ бизнес, халықаралық даму банктері мен мемлекеттік орган­дардың өкілдері қатысты. Іс-шара бары­сында тұрақты экономикалық даму, инвестициялар тарту және инновациялар енгізу мәселелері талқыланды.

Форумда сөз сөйлеген Олжас Бектенов Қазақстан Орталық Азияның экономика­лық әлеуетін ашу мақсатында өңір елдері арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуді қолдайтынын атап өтті. 

Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан институционалдық реформалар орнықты әртараптан­дырылған экономикалық өсімді қамтама­сыз етуге бағытталған. Инвестициялық ахуалды жақ­сартуға және іскерлік белсен­ділікті арт­тыруға ерекше назар аударылуда. Қазақстан Республикасының жаңа Кон­сти­туция­сында әділетті әрі қуатты мемле­кет құрудың берік негізі қаланып, бұл еліміздегі іскерлік ортаны одан әрі жетіл­діруге және инвес­тициялық тартымдылық­ты арттыруға қо­сымша мүм­кіндік жа­сайды. 

Қазіргі таңда 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы жаңартылды. Шетелдік капитал тарту көлемін кеңейту үшін Kazakh Invest ұлттық компаниясының басым нарықтарға қатысуы күшейтілуде. Бас прокуратура жанындағы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті бизнестің заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етеді. Инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін елде болу шарттарын жеңілдетуді көздейтін Altyn Visa жаңа арнайы визалық режимі енгізілуде. Бірлесіп қабылданған бұл шаралар инвестициялық белсенділікті ынталандыруға және Қазақстандағы жоғары технологиялы жаңа салалардың дамуын жеделдетуге бағытталған. 

Премьер-министр цифрлық техно­логиялар мен ЖИ саласындағы ынтымақ­тастықтың әлеуетін атап өтті. Қазақстан жаңа буынның IT-экожүйесін белсенді қалыптастыруда: екі суперкомпьютер пайдалануға берілді, Аlem.аі халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды. Орталық Азиядағы цифрлық хабқа ай­налуға бағытталған «ДӨО алқабы» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаны дамытуға әлемдік IT алпауыттары – Firebird және NVIDIA қазірдің өзінде $10 млрд көле­мінде инвестиция салып отыр.

Тілек ҚАБЫЛ