Алматы облысы Боралдай кентіндегі «Алатау» базарында орналасқан Sushi Time тамақтану орны уақытша жабылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Іле аудандық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, Sushi Time дәмханасында тамақтанған 19 адам улану белгілерімен ауруханаға жатқызылған.
– Алғашқы шағымдар түсе бастаған бойда бұл іске денсаулық сақтау органдары мен жергілікті атқарушы билік өкілдері жұмылдырылды. Қазір Іле аудандық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жүргізіп жатыр. Зертханалық зерттеулер үшін тағам өнімдерінен сынамалар алынып, тиісті материалдар уәкілетті органдарға жолданды. Оқиғаның нақты себептері туралы түпкілікті қорытынды тексеру жұмыстары толық аяқталып, зертханалық зерттеулердің нәтижелері шыққаннан кейін жасалады, – делінген басқарма мәлімдемесінде.
Сонымен қатар Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары тағамнан улану белгілері байқалған немесе денсаулық жағдайы нашарлаған жағдайда уақыт созбай, тез арада медициналық көмекке жүгінуге шақырды. Оның ішінде құсу, іш өту немесе дене қызуының көтерілуі сияқты алғашқы белгілер пайда болғанда өз бетінше емделуге болмайтыны атап өтілді.