ІІМ елдегі есірткі бизнесінің қаржылық және цифрлық схемаларының жолын кесті

2026 жылдың бес айында 3 мыңнан астам есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталған.

Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы күресті жалғастырып жатыр. Нәтижесінде, елдегі есірткі бизнесінің қаржылық және цифрлық схемалары әшкереленді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Олардың мәліметінше, 2026 жылдың бес айында 3 мыңнан астам есірткіге қатысты құқықбұзушылықтың жолы кесіліп, 1,5 мың есірткі қылмысы анықталды. Сонымен қатар 6 ұйымдасқан қылмыстық топтың, оның ішінде бір трансұлттық топтың қызметі тоқтатылды. Синтетикалық есірткі өндіретін 12 зертхана және 42 фитозертхана жойылды. 12 мыңға жуық заңсыз онлайн-ресурс бұғаттауға жіберілген.

 – Алдын алу жұмыстары да жалғасып жатыр. Жыл басынан бері мектептер мен жоғары оқу орындарында 6,5 мыңнан астам есірткіге қарсы іс-шара өткізілді. 8 мыңнан астам ақпараттық материал жарияланды. Халықаралық ынтымақтастық дамып келеді. Қазақстан шетелдік әріптестерімен бірлесіп, трансұлттық есірткі қылмысына тосқауыл қоюда. Қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, азаматтардың денсаулығын қорғау және жас ұрпақтың болашағын сақтау мақсатында есірткі қылмысына қарсы кешенді жұмыстар жалғасады, – деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.

Оның айтуынша, Ұлттық банкпен бірлесіп, есірткі бизнесіне қатысты қаржылық операцияларға тосқауыл қойылған. Нәтижесінде, 107 миллион теңгеден астам күмәнді қаржы аударымы тоқтатылған. 125 мыңға жуық шетелдік төлем картасы бұғатталып, 20 мың криптоәмиян тексерілді. Үлкен қауіптің бірі – синтетикалық есірткілер. Заңсыз айналымнан 466 келі синтетикалық есірткі және 11 тоннадан астам прекурсор тәркіленді.