Отандық No Good In Sight: A Story фильмі 28-ші Шанхай халықаралық кинофестивалінде көрсетіледі

Фильм алғаш рет 16 маусымда Шанхайда көрермен назарына ұсынылып, Қазақстанның атын Азиядағы беделді кинофестивальдердің бірінде танытпақ.

Режиссер Әліби Мұқышевтің  No Good In Sight: A Story  фильмі 28-ші Шанхай халықаралық кинофестивалінде көрсетіледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 No Good In Sight: A Story  («Еш жақсылығы жоқ оқиға») – Әліби Мұқышевтің тұңғыш толықметражды фильмі. Туындының түсірілімі 2023 жылы басталған.

Фильмнің сценарий авторы әрі режиссері – К.Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Әліби Мұқышев. Түсірілімге аталмыш жоғары оқу орнының 70-ке жуық студенті де қатысты.

Туынды әке мен бала арасындағы қарым-қатынас идеясы төңірегінде өрбиді. Кейіпкерлер тағдыры арқылы отбасының адам өміріндегі орны, өткеннің ізі мен өмірлік тәжірибенің тұлға болмысына әсері көркем түрде бейнеленеді. Фильм жалғыздық, сағыныш, жауапкершілік пен ар тақырыптарын қозғай отырып, адам жанының терең қатпарларына үңіледі. Сондай-ақ көрерменді отбасының қадірі, тағдыр таңдауы және жан тыныштығын табудың маңызы туралы ойға жетелейді.

Айта кетейік, 1993 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан Шанхай халықаралық кинофестивалі – Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастықтары федерациясы (FIAPF) «А» санатына аккредиттеген Қытайдағы алғашқы кинофестиваль.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.