Алматыдағы Райымбек даңғылында полиция қызметкерлері күдік тудырған ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Тексеру барысында оның барсеткасының ішінен пышақ пен гранатаға ұқсас зат табылған.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, ер адамның күмәнді әрекетін байқаған тәртіп сақшылары оны тоқтатып, тексеру жүргізген.
«Тексеру кезінде азаматтың сөмкесінен пышақ және гранатаға ұқсас зат табылды. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы мен саперлер шақырылды. Мамандардың тексеруі нәтижесінде тәркіленген заттың оқу-жаттығу гранатасы екені және ешқандай қауіп төндірмейтіні анықталды», – деп хабарлады полиция.
Ұсталған азамат аталған заттарды бұрын тауып алғанын, ал пышақты тұрмыстық қажеттілік үшін өзімен бірге алып жүргенін айтқан. Қазіргі уақытта оның сөзінің растығы тексеріліп жатыр.
Сондай-ақ ер адамның бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
Полиция азаматтарды өздерімен бірге қауіп төндіруі мүмкін заттарды алып жүрмеуге шақырып, қару-жараққа немесе оқ-дәріге ұқсас күмәнді заттарды тапқан жағдайда бірден 102 нөміріне хабарласуды ескертті.