Қазақстанда жыл сайын шомылу маусымында ондаған адам суға кетеді, олардың арасында балалар саны аз емес. Себебі бақылаусыз қалған немесе қауіпсіздік ережелерін сақтамаған балалар түрлі оқыс жағдайларға тап болуы мүмкін.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы шомылу маусымында Қазақстан бойынша 276 адам құтқарылған. Оның ішінде 85-і – балалар. Ал қайтыс болған адам саны – 125, оның ішінде 39-ы – балалар. 2024 жылғы шомылу маусымында 50 бала суға кеткен. Биыл мамырдың соңында Түркістан облысында бір үйдің 6 және 13 жастағы екі баласы, 9 маусымда Батыс Қазақстан облысында мектеп бітірген үш түлек суға кетіп, көз жұмды. Жалпы, соңғы үш жылда ел бойынша 164 бала суға кетіп, қайтыс болыпты. Ал соңғы он жылда Қазақстанда екі мыңнан астам адам суға кетсе, олардың 701-і – балалар.
Қайғылы жағдайларыдң барлығы дерлік шомылуға рұқсат етілмеген, арнайы жабдықталмаған аумақта немесе суға жүзу ережелерін сақтамағандықтан болып отыр. Бұл оқиғалар балаларды қараусыз қалдырмаудың және су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.
Төтенше жағдайлар министрлігінің медиа қызметкерлеріне ұсынған мәліметіне сәйкес, осы маусымда елде су жағасында жаппай демалуға арналған 730-дан астам рұқсат етілген орын анықталған. Олардың ішінде 257 коммуналдық және 433 жеке жағажай бар. Сонымен қатар күзетілмейтін су аймақтарында шамамен 170 мобильді құтқару бекеті орналастырылады. 760 қауіпсіздік белгісі қойылып, құтқарушылар мен полиция қызметкерлері мыңдаған рейд жүргізген. Нәтижесінде, судағы қайғылы оқиғалар саны 22 пайызға азайған. Төтенше жағдайлар министрлігінің басқарма басшысы Магомед Ахриевтің айтуынша, басты мәселе – балалардың қараусыз қалуы салдарынан болатын қайғылы жағдайлар. Балалар өлімінің 95 пайызы дәл осы себеппен байланысты. Сонымен қатар жиі кездесетін себептің бірі – тексерілмеген әрі жабдықталмаған жерлерде суға шомылу.
Fitness Palace су бағдарламасының жетекшісі Вадим Москалецтің айтуынша, балаларға суда қауіпсіздік ережелерін ерте жастан үйрету өте маңызды. «Балалар міндетті түрде үлкендердің көз алдында болуға тиіс. Сонымен қатар бейтаныс жерлерде суға сүңгуге болмайды. Ашық су айдындарында тас немесе өткір заттар болуы мүмкін. Суда ойнап, бір-бірін батыру немесе күресу де қауіпті», – дейді маман.
Вадим Москалец балаларға төтенше жағдайда дұрыс әрекет етуді де үйрету қажет екенін айтады. Оның айтуынша, егер бала суда қиын жағдайға тап болса, үрейленбей, терең тыныс алып, шалқасынан «жұлдызша» қалпында жатып, көмекке шақыруы керек. Маманның сөзінше, балалардың қауіпсіздігі жаттығу барысында да ерекше бақылауда болады.
«Балалардың жасы неғұрлым кіші әрі жүзу деңгейі төмен болса, топтағы бала саны да аз болуы керек. Жаттықтырушы әр баланы үнемі бақылап отырады. Жаңадан үйреніп жүрген балаларға жүзу тақтайшалары, арнайы белдіктер мен жүзу қанаттары пайдаланылады», – дейді ол. Сонымен қатар балаларға бассейн аумағындағы тәртіп ережелері де түсіндіріледі. Яғни, жаттықтырушының рұқсатынсыз суға түспеу, бассейн жиегінде жүгірмеу, бір-бірін итермеу және өз жағдайын уақытында айту маңызды.
Вадим Москалец ата-аналардың жауапкершілігіне де ерекше тоқталды. «Ең бастысы – балаларды ешқашан қараусыз қалдырмау. Әр ата-ана баласына жүзуді және судағы қауіпсіздік ережелерін үйретуі қажет», – дейді ол.
P.S.
Былтыр күзде 2026 жылдан бастап Қазақстанда жүзу сабақтарын мектеп бағдарламасына енгізу бойынша пилоттық жоба басталатыны жарияланған еді. Бұл туралы Qazaq Aquatics Федерациясының Бас хатшысы Дмитрий Баландин Үкімет отырысында хабарлаған-ды.
«Пилоттық кезең Астана мен Алматыда басталады, содан кейін бағдарлама бүкіл ел бойынша кезең-кезеңімен енгізілетін болады», – деген еді танымал спортшы. Ол Қазақстанда 360-тан астам бассейн бар, оның 35-і олимпиадалық стандарттарға (50 метр) сәйкес келетінін айтқан еді. Бұл жоба пилоттық қана емес, тұтас елді қамтуы керек екенін жаз айлары көрсетіп тұр.
Әсемай ЖӘНІБЕК,
ЕҰУ-дың 2-курс студенті