Арзан көлік арқаны кеңге салмай тұр

Кейінгі кездері шетелдік нөмірлі көліктер мәселесі дауға айналып барады. Жақында ғана Атырауда шетелдік нөмірлі көліктердің бір топ жүргізушісі көшеде жиналып, оқиға орнына полиция қызметкерлері келгені белгілі.

Қазір шетелдік нөмірлі көліктердің ортақ проблемасы – сақтандыру мен машинаны тіркеу жайы екені белгілі. Күшейтілген рейд кезінде қомақты айыппұлға іліккен көлік жүргізушілері шетелдік машиналарды қазақстандық тіркеуге қою қымбат екенін айтып шағымданған болатын.

Бейресми деректерге сенсек, қазір бір ғана Атырау облысында 5000-нан астам шетелдік көлік бар. Олардың көпшілігі Грузия мен Арменияда тіркелген. Атыр­ау­лықтардың көпшілігі шетелдік машинаны сенімхат арқылы тізгіндеп жүр.

«Қазақстандағы көлік бағасы қарапайым адам үшін қолжетімді емес. Банктен несие алсаң, үстеме ақысы көп. Сондықтан көп адам­ Грузия немесе Армения­дан көлік әкелуге қызығады. Баға­сы да ар­зан, жағдайы да жақ­сы көрінеді. Сон­дықтан мемлекет біз сияқты қа­ра­­пайым азамат­тар­дың жағдайы­на қарап, тіркеу мен сақтандыру ақы­сы­н еселеп жеңіл­детсе, заңды бұз­бай өз жөнімізбен жүре береміз», – дейді жүргізуші Ерлан Тасболатов.

Алайда дәл қазір шетелден алып келетін арзан көлік тиімді шешім болмай отыр. Өйткені мұн­­дай көліктердің заңдық мәр­те­бесі, сақтандыру рәсімдері және тіркеу мәселелерінің соңы үлкен қиындықтарға алып келуде.

«Қазақстанның заңнамасы бойынша, міндетті автосақ­тан­дыру жүйесі – көліктің мемле­кеттік дерек­қорда тұрақты тірке­луіне негізделген. Ал уақытша ті­ркелген көліктер бұл жүйеге толық енгізіл­мейді. Қалай десек те, мұндай көл­ік­тердің тәуекелі жо­ғары. Өйткені жол апаты бол­ған жағдайда көліктің нақты иесін анықтау, материалдық шығынды өндіру немесе құқықтық жауап­кер­шілік жүктеу қиындық туды­руы мүмкін», – дейді Атырау облы­сы Полиция департаментінің баспасөзхатшысы Мейірім Ер­дәулет.

Кедендік әкімшілік басқарма­сының бөлім басшысы Рүстем Жай­лашевтың айтуынша, Еура­зия­лық экономикалық одаққа кірмейтін мемлекеттерден әкелін­ген көліктер міндетті түрде кеден­дік ресімдеуден өтуге тиіс.

«Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстаннан әкелінген автокөлік құралдары үшін кеден­дік ресімдеу талап етілмейді. Өйт­кені бұл мемлекеттер Еуразиялық эко­номикалық одақтың мүшесі сана­­лады», – дейді Рүстем Жайлашев.

Заңгерлердің пікірінше, бұл мәселе тек әкімшілік бақылаумен шектелмейді. Мұндай жағдайда жол апатынан зардап шеккен аза­мат­тардың құқығын қорғау да күрде­лене түседі. Атырау облысы бойын­ша Полиция департамен­тінен білгеніміздей, жыл басынан бері Атырауда шетелдік көліктерге 12 мыңнан астам айыппұл салын­ған.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы