"Жолаушылар жақта құбыр құлады": Алматы әуежайын тексеріске алды

Әуежайдағы құрылыс-монтаж жұмыстың ұйымдастырылуы заң талаптарына сәйкестігі тұрғысынан бағаланады.

Алматы халықаралық әуежайының аумағында болған оқиғаға қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерден кейін Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасы жоспардан тыс тексеру жүргізетін болды,– деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оқиға 11 маусым күні болған. Алматы халықаралық әуежайының ішкі рейстерге арналған терминалында, дәл жолаушылар отыратын жақта желдету жүйесінің темір тіректері құлаған. Зардап шекендер жоқ. 

 Бұл жағдайға Алматы әуежайының баспасөз қызметі түсініктеме берді. 

 – Инженерлік жүйелерді монтаждау жұмыстары барысында желдету элементі жартылай ажырап қалған.  – Құбыр алдын ала бекітіліп, кейін оны қажетті деңгейге дейін кезең-кезеңімен түсіріп, қайта бекіту жоспарланған болатын. Алайда құбырды түсіру барысында ол ажырап, соның салдарынан конструкция сақтандыру арқандарына ілініп қалды", – делінген мәлімдемеде.

Олардың мәлімдеуінше, қазір желдету құбырының барлық элементтері толықтай алынған. Одан бөлек, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл түрде қосымша шаралары қабылданған.

"Ішкі терминалдағы құрылыс жұмыстары әуежай инфрақұрылымын жаңғырту аясында жүргізілген болатын. Жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Қазіргі уақытта жағдай толық бақылауда. Барлық қажетті шаралар қабылданды, әуежай қауіпсіздік талаптары мен қолданыстағы регламенттерді сақтай отырып, штаттық режимде жұмыс істеп жатыр", – деп хабарлады әуежайдан.

Алматы қаласы әкімдігі қазір бұл мәселенің мән-жайын анықтап жатқанын хабарлады. 

"Қазіргі таңда басқарма оқиғаның мән-жайын анықтап, қажетті материалдарды жинақтап жатыр. Кейін олар жоспардан тыс тексеруді тіркеу үшін прокуратура органдарына жолданады. Жоспардан тыс тексеру барысында құрылыс нормаларының сақталуы, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарының ұйымдастырылуы заң талаптарына сәйкестігі тұрғысынан бағаланады. Егер заңнама талаптарының бұзылғаны анықталса, жауапты тұлғаларға қатысты қолданыстағы заң аясында тиісті шаралар қабылданады",- делінген Әкімдік баспасөзінің хабарламасында.