Жолға шыққан отардың кесірі: 18 қой қырылып, жүргізуші сот алдында қалды

Бір сәтте жолға атып шыққан қойлар жүргізушілерді әбігерге салып, соңы 18 малдың қырылуына ұласқан.

Көкшетау – Атбасар бағытындағы тас жолда орын алған жол-көлік оқиғасы тағы да қараусыз қалған мал мәселесін күн тәртібіне шығарды, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Бір сәтте жолға атып шыққан қойлар жүргізушілерді әбігерге салып, соңы 18 малдың қырылуына ұласқан.

Оқиға 10 маусым күні Зеренді бағытындағы күре жолда болған. Куәгерлердің айтуынша, жол бойымен қозғалып келе жатқан жеңіл көліктің алдына кенеттен қойлар шығып кеткен. Көлікте жолаушылар болғандықтан, жүргізуші қайғылы жағдайдың алдын алу үшін шұғыл тежеуге мәжбүр болады. Алайда жолдың артында келе жатқан «Газель» көлігінің жүргізушісі де тосын жағдайға тап болған.

Жүргізушінің сөзінше, ол өз жолағымен келе жатқан кезде алдағы көлік күрт тоқтаған. Салдарынан көлік жол жиегіне шығып кетіп, кейінгі маневр кезінде қойларға соқтығысқан. Нәтижесінде 18 бас қой оқиға орнында қырылған.

Жол апатынан адамдар зардап шеккен жоқ. Дегенмен, оқиға жүргізуші үшін ауыр салдарға ұласқан. Оның айтуынша, жалғыз табыс көзі саналатын «Газель» арнайы тұраққа қойылған.

Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған жол-көлік оқиғасы бойынша жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.

– 10 маусымда Көкшетау – Атбасар автожолында «Газель» маркалы автокөліктің жүргізушісі 18 қойды қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан адам шығыны мен зардап шеккендер жоқ. Қойлар оқиға орнында өлді. Мал иесінің жеке басы анықталды, – деп хабарлады полиция өкілдері.

Бұл оқиға қараусыз жайылған малдың жол қозғалысына төндіретін қаупін тағы бір мәрте көрсетті. Жол үстінде күтпеген жерден пайда болған мал тек материалдық шығынға емес, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан мамандар мал иелерін төрт түлікті бақылаусыз жібермеуге шақырады.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын сот анықтайтын болады.

Абзал Алпысбайұлы, 

Ақмола облысы