Семейде танымал брендтердің тұрмыстық техникасын сатуға тыйым салынды

Бұзушылықтар анықталған өнімдердің қатарында SVC брендінің желілік сүзгісі, Dreame Airstyle және Dreame Pocket шаш кептіргіштері, Shark FlexStyle шаш күтіміне арналған стайлері, сондай-ақ кіріктірілген Rubetek диммері бар ақылды розетка бар.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің Абай облысы бойынша департаменті профилактикалық бақылау шеңберінде Семей қаласындағы электр және тұрмыстық техника сататын ірі сауда объектілерінде тексеру жүргізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Төрт сауда нүктесін тексеру нәтижелері бойынша Кеден одағының КО ТР 004/2011 «Төмен вольтты жабдықтың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің талаптарын, сондай-ақ өнімді таңбалауға және тұтынушыларды хабардар етуге қойылатын талаптарды бұзу фактілері анықталды.

Бұзушылықтар анықталған өнімдердің қатарында SVC брендінің желілік сүзгісі, Dreame Airstyle және Dreame Pocket шаш кептіргіштері, Shark FlexStyle шаш күтіміне арналған стайлері, сондай-ақ кіріктірілген Rubetek диммері бар ақылды розетка бар.

Өнімнің бір бөлігі мемлекеттік тілдегі ақпаратсыз сатылғаны анықталды, ал ақпарат тек орыс тілінде ұсынылған. Сонымен қатар  жекелеген тауарлар бойынша тұтынушы үшін міндетті ақпарат қазақ және орыс тілдерінде болмаған. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде көзделген міндетті таңбалаудың жекелеген элементтерінің болмауы фактілері анықталды.

Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қасымовтың айтуынша, сәйкестікті бағалаудың міндетті рәсімінен өтпеген өнім партиясын өткізу фактісі ерекше алаңдаушылық туғызады.

«Мұндай бұзушылықтар тұтынушылардың құқықтарына тікелей әсер етеді. Электр тұрмыстық техниканы сатып алған кезде азаматтар тауар, оның сипаттамалары, пайдалану қағидалары мен қауіпсіздік шаралары туралы толық әрі шынайы ақпаратты өздері түсінетін тілде алуға тиіс», – деп атап өтті ол.

Ведомство қажетті ақпараттың болмауы техниканы дұрыс пайдаланбауға әкеліп, электр тогының соғу қаупін, қысқа тұйықталу, жабдықтың қызып кетуі және өрт шығу тәуекелдерін арттыруы мүмкін екенін атап өтті.

Тексеру қорытындысы бойынша, жалпы құны 1 324 500 теңге болатын өнімнің тоғыз партиясын сатуға тыйым салынды. Кәсіпкерлерге анықталған бұзушылықтарды жоюға және өнімді заңнама талаптарына сәйкестендіруге мүмкіндік берілді. Сондай-ақ бұзушылықтар толық жойылғанға дейін сәйкестікті бағалау туралы құжаттардың қолданылуын тоқтата тұру жөнінде шаралар қабылданды.