Халықтың несиесі 25 триллион теңгеден асты

Қазақстанда халықтың банк алдындағы қарызы өсіп келеді. 2026 жылғы сәуір айының қорытындысы бойынша, азаматтарға берілген несиелер көлемі 0,9 пайызға артып, 25,3 триллион теңгеге жетті.

Жыл басынан бергі өсім 2,1 пайызды құрады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оның ішінде тұтынушылық несиелер көлемі 17 триллион теңгеге дейін өсіп, төрт айдағы өсім 2 пайыз болды. Ал ипотекалық қарыздар көлемі 7,2 триллион теңгеге жетіп, жыл басынан бері 3,7 пайызға артқан.

Сәуір айында халыққа берілген несиелер бойынша орташа сыйақы мөлшерлемесі де көтерілді. Егер наурызда бұл көрсеткіш 20,9 пайыз болса, сәуірде 21,2 пайызға жетті. Бұған тұтынушылық қарыздар бойынша мөлшерлеменің 22,1 пайыздан 23 пайызға дейін өсуі әсер еткен.

Ал бизнеске ұлттық валютада берілген несиелер бойынша орташа мөлшерлеме керісінше төмендеді. Ірі бизнеске берілетін қарыздардың сыйақысы 20,1 пайыздан 19,5 пайызға дейін азайып, нәтижесінде орташа мөлшерлеме 22 пайызды құрады.

2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, банк секторындағы төлем мерзімі 90 күннен астам кешіктірілген қарыздардың көлемі 1,8 триллион теңгеге жеткен. Бұл барлық несие портфелінің 4,1 пайызына тең.

Халықтың несие портфеліндегі мерзімі өткен берешек көлемі 1,2 триллион теңгені немесе барлық қарыздардың 4,8 пайызын құрады. Ал бизнес субъектілерінің несиелері бойынша мерзімі өткен берешек 594 миллиард теңгеге жетіп, оның үлесі 3,3 пайыз болды.

Сонымен қатар жұмыс істемейтін қарыздарды жабуға арналған провизиялар деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, бұл көрсеткіш 62,1 пайызды құрады.