Жаңа нысандар экотуризмді дамытады

Алматы облысында экологиялық туризмді дамыту және жасыл аймақтардың көлемін ұлғайту бағытында бірнеше ірі экопарк жобасы жүзеге асырылуда. Жаңа нысандарға тартылатын инвестиция көлемі 22 млрд теңгеден асады.

Жалпы, қазір облыс аумағында жалпы көлемі 69 мың гектардан асатын 20-дан астам экопарк жұмыс істейді. Алдағы жылдары олардың қатары жаңа демалыс және рекреациялық аймақтармен то­лықпақ. Сол арқылы өңірге келетін ту­ристердің де саны артып, өңірдің эконо­микалық әлеуетін жақсара түседі.

Ірі жобалардың бірі – аумағы 10 гектар болатын «Барыс» экопаркі. Жобаның құны шамамен 1,5 млрд теңгені құрайды. Болашақта парк аумағында 7 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған.

Сонымен қатар жеке инвестициялар есебінен тағы екі ірі жоба іске асырылуда. Аумағы 5,5 гектар болатын Tal Resort эко­паркінің құны шамамен 5 млрд теңгені құ­райды. Құрылыс жұмыстары екі кезең­мен жүргізіледі. Жобаның бірінші кезеңін 2026 жылдың соңында аяқтау, ал нысанды толық пайдалануға беру 2027 жылға жос­парланған.

Сондай-ақ құны 5 млрд теңге болатын Aykan Resort экопаркінің құрылысы да жүргізілуде. Жобаның жалпы аумағы 8,5 гектарды құрайды. Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру көзделген.

Бұдан бөлек, 2027–2028 жылдары облыста тағы екі жоба жүзеге асырылады. Атап айтқанда, «Көшпенділер» экопаркіне шамамен 700 млн теңге, ал «Орталық саябақ» жобасына шамамен 10 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Алматы облысы тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық және абаттандыру бас­қармасының мәліметінше, аталған жо­ба­лар өңірдің туристік әлеуетін арт­ты­рып, жасыл аймақтарды кеңейтуге және халық үшін қолайлы демалыс инфра­құ­рылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.