Aikyn.kz суррогат аналықтың Конституцияға қайшылығын axios.com жариялаған материалға сүйеніп талдайды.
Сарапшылардың пікірінше, бұл іс тек суррогат аналыққа ғана емес, экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ), түсік жасау құқығы және репродуктивтік технологиялардың болашағына да қатысты. Даудың негізінде Францияда тұратын гомосексуал жұп пен Флорида тұрғыны арасында жасалған суррогат аналық туралы келісім жатыр. Бала дүниеге келер алдында «ерлі-зайыптылар» сотқа жүгініп, ата-аналық құқықтарды алдын ала рәсімдеуді сұраған.
Бровард округінің судьясы Марлон Вайс олардың өтінішін қанағаттандырған. Дегенмен өз шешімінде суррогат аналықтың заңдылығына күмән келтірген. Оның пікірінше, дүниеге келмеген баланың да жеке тұлға ретінде құқықтары болады және бұндай келісімшарттардың нысанына айналмауы тиіс.
Бұдан кейін іс одан әрі күрделене түскен. Бала дүниеге келгеннен кейін Флорида бас прокуроры Джеймс Утмайер процеске араласып, суррогат аналық АҚШ Конституциясының 13-түзетуіне қайшы келетінін мәлімдеген. Бұл түзету XIX ғасырда АҚШ-та құлдықты жойған негізгі құқықтық құжаттардың бірі саналады.
Утмайердің пікірінше, мемлекет өз тағдырын өзі таңдай алмайтын балалардың мүддесін қорғауға міндетті. Оның айтуынша, баланы туған ата-анасынан бөлуге бағытталған келісімдердің құқықтық және моральдық салдары бар.
Ал отбасының адвокаттары бұл істің шынайы мақсаты басқа екенін айтады. Олардың пікірінше, бас прокурор нақты осы гомосексуал жұптың «ата-ана болу» қабілетін емес, жалпы репродуктивтік технологияларға қарсы құқықтық прецедент қалыптастырғысы келеді.
Сарапшылардың пікірінше, егер сот Утмайердің ұстанымын қолдаса, бұл АҚШ-тағы суррогат аналық индустриясына үлкен соққы болады. Сонымен қатар бұндай шешім ЭКО технологиялары мен репродуктивтік құқықтарға қатысты жаңа сот дауларының басталуына жол ашуы ықтимал. Флоридадағы бұл іс АҚШ-тағы мәдени, діни және құқықтық құндылықтар арасындағы күрестің жаңа кезеңіне айналып отыр.